28 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының жанынан «Кәсіподақ көшбасшысы мектебі» жобасының жаңа курсы өз жұмысын бастады, оның негізгі мақсаты жаңа кәсіподақ белсенділерінің кәсіби біліктілігін арттыруға жәрдемдесу болып табылады.
Екінші оқу курсының тыңдаушылары төрт саланың – салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының, мемлекеттік, банк мекемелері және халыққа қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподақ ұйымының, атом өнеркәсібі қызметкерлерінің және орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі қызметкерлерінің салалық кәсіподағының жүзге жуық кәсіподақ көшбасшылары мен кәсіподақ белсенділері болды.
Жоба авторы, ҚРКФ Оқу орталығы директорының орынбасары Ләззат Есжанова әзірлеген оқу курсы келесі тақырыптарды қамтиды: Қазақстандағы және әлемдегі кәсіподақ қозғалысының даму тарихы; кәсіподақтар қызметінің құқықтық негіздері мен кепілдіктері; Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының 2020-2025 жылдарға арналған «Әділеттілік пен дамуға – бірлікте» қызметінің стратегиясы; әлеуметтік әріптестік, ұжымдық шарттар; ұйымдастыру жұмыстары; қаржылық жұмыс; ақпараттық жұмыс; конфликтология және еңбек даулары мен жанжалдардың туындауының алдын алу, басқару және шешу; еңбек заңнамасын қолдану тәжірибесі.
Лекторлар Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы аппаратының басшылары мен қызметкерлері болып табылады.
Жаңа қатысушыларды қарсы алған «Кәсіподақ көшбасшысының мектебі» жобасының авторы және үйлестірушісі, ҚРКФ Ұйымдастыру-бақылау жұмысы департаменті директорының орынбасары Ләззат Есжанова оқу курсының 2,5 айға есептелгенін, аптасына екі рет өткізілетінін жеткізді.
«Кәсіподақ көшбасшылары мектебінің мақсаттары кәсіподақ көшбасшыларына кәсіподақтың күнделікті қызметіне қажетті білімді меңгеруіне көмектесуге, кәсіподақ мүшелерін құқықтық қамтамасыз етудің өзекті мәселелері бойынша кеңестер беруге бағытталған. Оқу соңында тыңдаушылар кәсіподақ көшбасшысы мектебін бітіргені туралы куәлік алады», – деді Ләззат Есжанова.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев оқу жобасының жаңа қатысушыларына жұмыстарына сәттілік тілеп, кәсіподақ көшбасшысының халықтың әл-ауқатын қамтамасыз етудегі және жұмысшылар үшін еңбекке лайықты жағдай жасаудағы ерекше рөлін атап өтті. Нұрлан Өтешев осы тұрғыда кәсіподақ активінің кәсіби деңгейін көтеру мен кәсіподақ тәжірибесімен алмасудың маңыздылығына тоқталды.
«Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының 2020-2025 жылдарға арналған «Әділеттілік пен дамуға – бірлікте» қызметінің стратегиясында кәсіподақтар кадрлары, кәсіподақ активі және кәсіподақ мүшелері арасында құқықтық мәдениеттің жоғары деңгейін қалыптастыру арқылы жаңа кәсіподақ идеологиясын насихаттау көзделген», – деді Нұрлан Өтешев.
Сондай-ақ, Кәсіподақтар федерациясының «Әлеуметтік әріптестік» жылы аясында өткізіліп жатқан шаралары мен кәсіподақтардың еңбекші азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған басқа да бастамаларына тоқталды.
Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Светлана Иманқұлова өз кезегінде Кәсіподақтар федерациясының бастамалары мен кәсіподақ кадрларының кәсіби деңгейін арттырудағы жетістіктерін жоғары бағалады.
«Бүгінде біздің қоғамдағы кәсіподақтардың рөлі мен маңызы бұрынғыдан да өзекті. Кәсіподақтардың тиімділігі жұмысшылардың мүдделері мен құқықтарын қорғау сапасына тікелей байланысты», – деп есептейді Светлана Иманқұлова.
Ол кездесуге қатысушыларды Салалық кәсіподақтың жұмысымен, оның ішінде 2021-2023 жылдарға арналған Салалық келісім негізінде әлеуметтік әріптестікті дамытумен таныстырды.
Мемлекеттік, банк мекемелері және халыққа қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Мирболат Жақыпов мектеп тыңдаушыларына арнап сөз сөйледі. Қатысушыларға сәттілік тілей отырып, кәсіподақ қозғалысының қарапайым еңбекшілерді қорғаудағы негізгі міндеттеріне тоқталды.
«Бұл жағдайда жақсы құрал – ұжымдық шарт. Үздік ұжымдық шартқа конкурс өткізіп жатырмыз, оның қорытындысы бойынша біз өзіміздің мүше ұйымдарға прогрессивті нормаларды енгізу және еңбек ұжымдарында жұмысшылардың жағдайын жақсарту үшін үздік келісімдерді жіберуді жоспарлап отырмыз», – деді Мирболат Жақыпов.
Саланың өзекті мәселелеріне тоқтала келе, Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен Салалық келісім негізінде еңбекақыны көтеру, мемлекеттік қызметті бюрократияландыру бағытында заңнаманы жетілдіру, еңбек жағдайын жеңілдету және т.б. шешіліп жатқандығын жеткізді.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі қызметкерлерінің салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Қайрат Өстеміров өз кезегінде өз саласы қызметкерлерінің мәселелеріне тоқталды.
«Бүгінде кәсіподақ ұйымдары жалақыны көтеру бағытында елеулі жұмыстар атқаруда. Өкінішке қарай, орман және балық шаруашылығы саласындағы еңбекақы республика бойынша ең төмен. Орман өртіне байланысты соңғы оқиғалар мән-жайды әшкерелеп, сала жұмысшыларының еңбегі бағаланбағанына билік назарын аударды. Салалық кәсіподақ кәсіподақ мүшелеріне әлеуметтік кепілдіктер беру бағытында біршама жұмыстар атқарып, жалақыны көтеру мәселесі қарастырылуда. Экономика министрлігі қазір орман шаруашылығы қызметкерлерін материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша ұсыныстарды жинауда», – деді Қайрат Өстеміров.
Мектепке қатысушыларға жемісті еңбек тілеп, Кәсіподақтар федерациясының басшылығына еңбек және кәсіподақ заңнамасының негіздері бойынша да, кәсіподақ жұмысының заманауи әдістерін меңгеру тұрғысынан да білім алуға мүмкіндік бергені үшін алғысын білдірді.
Кездесу «ашық микрофон» форматында өтіп, әрбір қатысушы өз сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды. Қорытындылай келе, тыңдаушылар Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының оқу жобасының ерекше маңыздылығын атап өтті.
Айта кету керек, Кәсіподақ көшбасшысы мектебі Кәсіподақтар федерациясының жаңа оқу жобасы болып табылады. Жобаға қатысушыларды іріктеу олардың соңғы 2019-2022 жылдарға кәсіподақ ұйымдарының басшылары болып сайлануын ескере отырып жүзеге асырылады.
Еске салайық, Кәсіподақ көшбасшысы мектебінің оқу іс-шараларының бірінші циклі ағымдағы жылдың 27 сәуірі мен 22 маусымы аралығында өтті. Мектеп түлектері еліміздің бес облысынан: Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарынан білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподақ ұйымының бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары болып табылады. Курс соңында түлектерге оқуды аяқтағаны туралы сертификаттар табыс етілді.
ҚРКФ медиаорталығы