Жүрек қалауымен таңдаған мамандық қана өмірдің жарқын бастауы болмақ. Себебі адам тағдырының бір бөлігі таңдаған мамандығына тікелей байланысты. Алар асу да, ұшар биік те алынбас қамал болып көрінгенімен, күнделікті кездесіп жататын кедергілер мен қиындықтарды өз мамандығын сүйетін, содан ләззат алатын маман ғана жеңіп шығатыны бесенеден белгілі. Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез келгеніне икемділік қажет. Бұл – жай күнелту, тамақ асыраудың жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе.
Міне, бүгінгі кейіпкеріміз осындай ерекше мамандықтың иесі, Шымкент мемлекеттік зоологиялық саябағының «Террариум» бөлімінің меңгерушісі – Долгова Райса Абдуракипқызы.
1965 жылы 17 қыркүйекте дүниеге келген. 1987 жылдың 12 қазаннан бастап Шымкент мемлекеттік зоологиялық саябағының құстар бөлімінде кіші ғылыми қызметкер, 1988 жылдың 4 шілдесінен құстар бөлімінде меңгеруші, 1993 жылдың 24 қыркүйектен кіші ғылыми қызметкер, 1994 жылдың 22 сәуірінен аға ғылыми қызметкер, 1999 жылдың 7 маусымынан бастап қазіргі уақытқа дейін «Террариум» бөлімінің меңгерушісі қызметін атқаруда.
Білімі жоғары, қазақтың С.М.Киров атындағы мемлекеттік университетінің биология және химия оқытушысы мамандығын 1982-1987 жылдары оқып бітірген. Райса Абдуракипқызы бүгінде Шымкент мемлекеттік зоологиялық саябағының білікті маманы. Өз қызметінде 23 жылдан астам уақыт бойы жинаған тәжірибесінің арқасында өзіне жүктелген тапсырмаларды тиімді әрі адал орындауда. Осы лауазымға келгелі бері өзінің білгенін кейінгі ұрпаққа үйретіп келеді.