Ақтөбеде кәсіподақтар күні қарсаңында салтанатты шара өтті

Ақтөбе облыстық аумақтық кәсіподақтар орталығының ұйымдастыруымен салтанатты шара өтті. Салтанатты жиында Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, ҚР Кәсіподақтар федерациясы Атқару комитетінің мүшесі, “Қызмет” салалық кәсіподағының төрағасы Мирболат Жақыпов құттықтау сөз сөйлеп, кәсіподақ жұмысына белсенді үлес қосып жүрген еңбек азаматтарын марапаттады.

«Кәсіподақтар федерациясы азаматтардың еңбек мәселелерін шешуге бағытталған шараларын одан әрі жалғастырады. Биылғы жылды «Әлеуметтік әріптестік » жылы деп жариялап,көптеген жаңа бастамалар қолға алынды. Кәсіподақтың әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеудегі негізгі механизмі – бұл әлеуметтік әріптестік келісімі”, – деп атап өтті ҚР Кәсіподақтар федерациясы Атқару комитетінің мүшесі Мирболат Жақыпов.

Сонымен қатар, Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов үздік еңбеккерлерді алғыс хатпен марапаттады. ҚР Кәсіподақтар федерациясы Атқару Комитетінің мүшесі Мирболат Жақыпов өңірдің кәсіподақ қозғалысының дамуы жолында еңбек етіп, зор үлес қосқан ардагерлерімізге құрмет көрсетіп, белсенді азаматтарды ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Даулеталиннің атынан Алғыс хатпен, құрмет грамоталармен марапаттады. Бірқатар азаматтарға ҚР Кәсіподақтар Федерациясының “Кәсіподақтағы белсенді жұмысы үшін” және “Кәсіподақ ардагері” медальдарын да табыс етті. Солардың қатарында шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Тұрақбай Алдабергенов пен «Сағыз Петролиум Компани» ЖШС кәсіподақ ұйымының төрағасы Бердіхан Кемешов кәсіподақ жұмысын дамытудағы жемісті еңбектері үшін марапатталды.
Ақтөбе облысы кәсіподақтар орталығы аумақтық бірлестігінің төрағасы Алтынбек Әмірғалиев атқарылған жұмыс туралы баяндап, кәсіподақ белсенділеріне “Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің және салалық кәсіподақтар тарапынан алғыс хат тапсырылды.

Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығы аумақтық бірлестігі бүгінде 132 мыңнан астам мүшесі бар өңірдегі кәсіподақтардың жұмысын үйлестіріп отыр.

«Ақтөбеде жылдан-жылға бастауыш кәсіподақтар саны артып отыр. Биылғы жылдың 8 айында өзінде қатарымыз 2,5 мыңға артып, 12 жаңа бастауыш ұйым құрылды. Әсіресе, құрылыс пен мұнайгаз саласының еңбеккерлері өздері кәсіподаққа мүше болып, үлкен сенім артып отыр», – деп атап өтті Ақтөбе облыстық Кәсіподақтар орталығы аумақтық бірлестігінің төрағасы Алтынбек Әмірғалиев.