Орал қаласында ҚР Кәсіподақтар күніне орай кәсіподақ қозғалысының дамуына ерекше атсалысып жүрген еңбеккерлерді салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
Шараны БҚО «Кәсіподақтар Орталығының» төрайымы Айгүл Есекенова ашып, мерекемен құттықтап, өңірлік кәсіподақтың биылғы жылғы атқарған жұмыстары мен жетістіктеріне қысқаша шолу жасап, облыс әкімі Ғали Есқалиевтың алғыс хатын табыстады.
Мерекелік кештің сыйлы қонақтарының бірі – ҚР Кәсіподақтар Федерациясының өкілі, Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының төрайымы Светлана Иманкулова болды. Светлана Кеңесқызы өз сөзінде барша кәсіподақ өкілдерін мерекемен құттықтай келе, әлеуметтік әріптестік жылында жарияланған конкурста «Мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» БҚО Қоғамдық бірлестігінің республикалық деңгейде 2 орын иеленіп, үздік үштіктер қатарынан табылғанын айтып, ұйым төрағасы Айдар Тапашұлының еңбегін елеп, ҚР Кәсіподақтар федерациясының «Еңбек ардагері» медалін табыстады.
Светлана Кеңесқызы өз сөзін: «Тарих таңдаған, қоғам сыйлаған, әлем мойындаған бірден бір институт – Кәсіподақ институты», – деп жалғастырып, үздік кәсіподақ өкілдерін ҚР Кәпіодақтар Федерациясының«Кәсіподақтағы белсенді жұмысы үшін» медалімен «Кәсіподақ Ардагері» медалімен, «Еңбек озаты» медалімен, Құрмет грамотасымен, ҚР Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының Алғыс хатымен, Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапаттады.
Аталмыш шарада БҚО «Кәсіподақтар орталығының» әлеуметтік әріптестері БҚО еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Асылұлан Тұрсынұлы, Орал қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ербол Насибуллинович бой көтерді. Ербол Насибуллинович залда жиналған әр саланың үздік жұмыскерлерін Кәсіподақтар күнімен құттықтай келе, БҚО «Кәсіподақтар орталығының» жұмысын ерекше атап өтіп, орталық ұжымы мен төрайымы Айгүл Оразқызына қала әкімі Миржан Мұнайдарұлының алғыс хаты мен сыйлығын табыстады.
Сонымен қатар, Батыс Қазақстан облысының үздік кәсіподақ мүшелері атқарған ерен еңбегі үшін Есекенова Айгүл Оразқызының атынан марапатқа ие болды.
Салалық және жергілікті кәсіподақ ұйымдарының төрағалары да еңбек адамының мүддесін қорғау мен кәсіподақ қозғалысын дамытудағы сіңірген еңбегі үшін өз салаларының үздік мамандарын марапаттады.
Кешті әсем әнмен Ғарифолла Құрманғалиев атындағы филармонияның әншілері әрледі.
Салтанатты марапаттау шарасында кәсіподақ ардагерлері де елеусіз қалмады. Оларға кәсіподаққа сіңірген көп жылғы ерен еңбегі үшін БҚО «Кәсіподақ ұйымы» атынан сыйлықтар табысталды. Осындай шаралар жылдан-жылға әр саланың үздіктерін ескеріп, еңбек адамының мәртебесін көтеріп, нәтижелі еңбек етуге жігерлендіреді.