Жыл өткен сайын Ақтөбе облыстық кәсіподақтар ұйымының қатары артып келеді. Былтыр жаңадан 16 бастауыш ұйымы құрылып, оған 2 мыңға жуық адам мүше болды.
Қазіргі таңда Ақтөбе облысының кәсіподақтар орталығы 1181 бастауыш, 25 салалық ұйым жұмысын үйлестіріп отыр. Жалпы саны 132 мың адам мүше. Жұмысшы жастар қатары 45 мыңнан асады. Оң көрсеткіштердің арқасында өңірдегі орталық республика бойынша “үздік бестікке” енді. Бұл 10 қазанда аталып өтетін Кәсіподақтар күнінде айырықша мәнге ие болып отыр.
Кәсіподақтардың жеткен жетістіктері мен бүгінгі дамуын, еңбек адамына жасалып жатқан жағдайларды, әсіресе жалақының уақытылы төленуі мен еңбек жанжалдарының тез арада шешілуін Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов та Кәсіподақтар күніне орай ұйымдастырылған салтанатты шарада тілге тиек етті.
«Өздеріңізге белгілі, кәсіподақтың тұжырымдамасында негізгі құндылық – Еңбек адамы делінген. Мемлекеттің де алдында тұрған негізгі мақсат – Еңбек адамына жағдай жасау – жұмыс орындарының сақталуын, жалақының уақытылы төленуін қамтамасыз ету, еңбек жанжалдарының алдын алу сияқты мәселелер. Сондықтан, еңбек қатынастарын реттеу үшін сіздер мен біздің әлеуметтік әріптестігіміздің маңызы зор. Міне осы бағытта, жұмыс берушілер мен жұмысшылардың мүдделерін қорғайтын кәсіподақтардың атқарып жүрген үлесі зор. Қазақстанның заман талабына сай дамуына, еліміздің өркендеуіне қосып отырған мол үлестеріңіз үшін, кәсіподақ қызметіне адалдықтарыңыз бен елге деп жасап жүрген еңбектеріңіз үшін Сіздерге алғыс айтамын», – деді облыс басшысы Ералы Тоғжанов.
Ақжарма тілегін жеткізген аймақ басшысы облыстағы кәсіподақ саласының дамуына ұзақ жылдар бойы еңбек еткен ардагерлерге алғысын білдіре отырып, ұйымдарда белсенді қызмет еткен азаматтарды алғыс хаттармен марапаттады.
Төл мерекеге орай өткен шараға ҚР Кәсіподақтар Федерациясының Бас Кеңесінің мүшесі, «Қызмет» салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Мирболат Жақыпов және аймақтың кәсіподақ қозғалысының ардагерлері, саланың бірқатар қызметкері қатысты.
Айтып өтейік, кәсіподақтар сонау кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында пайда болған. 1920 жылғы 3-5 мамыр ралығында Кәсіптік-өндірістік одақтардың Ақтөбе уездік съезі, 1921 жылғы 6 тамызда 1-ші губерниялық Ақтөбе кәсіподақтар съезі өткен. Сол уақытта тамақ өңдеушілер, былғары өңдеушілер, металлургтер, тау-кен жұмысшылары, химиялық өндіріс, коммуналдық шаруашылық және т.б. кәсіподақтар құрылған.
https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/436047?lang=kk