АСТАНА. ҚазАқпарат – 10 қазанда Қазақстанда кәсіподақтар күні аталып өтеді. Тәуелсіздік алғалы еліміздің кәсіподақтар федерациясы қарапайым жұмысшылардың құқығы үшін күресетін күшті әрі тәуелсіз ұйымға айналды.
Осы орайда қазақстандықтардың еңбек құқығы қалай қорғалатыны және олардың кәсіподақ ұйымына қандай мәселелер бойынша жиі жүгінетіні туралы ҚазАқпарат тілшісіне ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев айтып берді.
Кәсіподақтың басты міндеті – әлеуметтік-еңбек саласындағы кәсіподақ мүшелерінің мүддесі мен құқығын қорғау. Сондай-ақ, кәсіподақ мүшелерінің өмір сүру сапасын жақсарту.
Федерация басшысы орынбасарының айтуынша, қазақстандықтар кәсіподақ ұйымдарына көбінесе еңбекақыны уақытылы төлемеу және жұмыс беруші тарапынан алдау мәселелері бойынша жүгінетінін атап өтті.
Оның айтуынша, аталған мәселе көбіне еңбек шартының болмауынан туындайды. Сондықтан кәсіподақтар федерациясы жалдамалы жұмысшылардың құқығын барынша қорғауға тырысады.
«Жұмыстан шығуға қатысты көптеген сұрақ туындайды. Жұмыс беруші өз еркімен қызметкерді жұмыстан шығаруға құқығы жоқ. Бұл жерде нақты себептер болуы керек. Кейде қатардағы қызметкерді жұмыстан шығару қалыпты болып көрінеді, өйткені бұл бизнес. Дегенмен, бұл заңға қайшы келеді. Яғни заңнамалық нормаларды сақтау керек. Жұмысшылардың еңбек құқығын қорғау мақсатында біздің кәсіподақтар федерациясы барлық облыс әкімдіктерімен келісімдерге қол қойды. Келісім өте маңызды. Себебі оған сүйене отырып, барлық кәсіпорынның ұжымдық шарттары жасалады. Бүгінде біз барлық мүдделі органмен нәтижелі қарым-қатынас орнаттық», – деді Нұрлан Өтешев.
Оның айтуынша, өңір әкімдіктерінде әлеуметтік, еңбек мәселелері жөніндегі комиссия жұмыс істейді.
«Біз аймақтық комиссияда барлық тараптың төрағалық етуіне қол жеткіздік. Бұл дегеніміз билік, жұмысшы немесе жұмыс беруші. Сонымен қатар ұлттық құрылтайдың құрамына кәсіподақтар федерациясының екі өкілі енді. Соның бірі біздің төраға Сатыбалды Дәулеталин. Біздің төраға жұмысшылармен және жұмыс берушілермен кездескенде еңбек кеңесін жиі ұйымдастырады. Біз жұмыс берушінің алдында өз ұстанымдарымызды барынша ашып айтамыз. Жұмысшының еңбегі лайықты төленуі керек. Біз үшін әлеуметтік әділеттілік маңызды. Біз жұмысшы құқығын қорғаймыз», – дейді ол.
Айта кетсек, Қазақстанда кәсіподақ қозғалысы ХХ ғасырдың басынан бастау алады. 1905 жылы 6 желтоқсанда құрылған қазіргі Қарағанды облысының аумағында орналасқан Успен мыс кенішінің жұмысшылар одағы ресми түрде елдегі кәсіподақ ұйымы ретінде құрылды.
Бүгінде ҚР Кәсіподақтар федерациясы еліміздегі ең ірі бірлестікке айналды. Оның құрамында 2 млн-ға жуық адам, 16 700 бастауыш кәсіподақ ұйымы, 23 салалық кәсіподақ және 17 өңірлік кәсіподақ бірлестігі кіреді. Республикалық кәсіподақтар федерациясы атом өнеркәсібі, құрылыс кешені, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, қарулы күштер, әскери құрылымдар қызметкерлері, «Қазпрофметалл» тау-кен металлургиялық кәсіптік одағы, мемлекеттік, банк мекемелері мен қоғамдық қызмет көрсету, теміржол, автомобиль, әуе және су көлігі қызметкерлері, мәдениет, спорт және ақпарат, орман шаруашылығы қызметкерлері, жануарлар дүниесі, мұнай-газ кешені мен білім және ғылым саласы бойынша кәсіподақтардың басын біріктірді.
Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасарының айтуынша, олардың қызметі 4 бағыт бойынша жүзеге асырылады.
«Бізде кәсіпорын деңгейінде ұжымдық шартқа айналатын жалпы салалық және аймақтық қатынастар сияқты құрал бар. Ұжымдық шартта екі тараптың да орындауы үшін міндетті және жоғары тұрған шарттан немесе келісімнен артық болмауы тиіс нормалар жазылады. Ұжымдық шарттардың өзі кәсіпорынның мүмкіндігіне, жұмыс берушімен қарым – қатынасына, белгілі бір ұйымның кәсіподағының өз ұстанымын қаншалықты дәлелдегеніне байланысты», – дейді Нұрлан Өтешев.
Келесі маңызды функция – ұйымдастырушылық. Федерация қызметіне жаңа кәсіподақ ұйымдарын құру және мүшелер санын арттыру кіреді.
«Бізде кәсіподақ мүшелігін шартты түрде монетизациялау деген ұғым бар. Кәсіподаққа салынған әрбір теңге 14 есеге артады. Яғни, жұмыс тиімділігі соншалықты артады. Сіз кәсіподаққа салған әрбір теңге үшін сәйкесінше көп аласыз. Біз демалыс күндері, жұмыстан шығу жәрдемақылары, міндетті тоқсан сайынғы сыйлықақыларды және емделуге арналған қаражатты төлеуге ұмтыламыз», – деп түсіндірді федерация басшысының орынбасары.
Үшінші бағыт – әлеуметтік әріптестік, серіктестік қатынастар құру, кәсіподақ ұйымдарының мүшелерін оқыту.
Одан бөлек, төртінші бағыт – федерация мүшелерін хабардар ету.
«Біз үшін маңызды бағыт – еңбек қауіпсіздігін қамту және жұмысшы құқығын қорғау. Біз өлім-жітім және жарақат алу себептерін болдырмау үшін жұмыс істейміз», – деді Нұрлан Өтешев.
https://www.inform.kz/kz/kasipodak-kuni-kazakstandyktardyn-enbek-kukygy-kalay-korgalady_a3988528/amp