Ұстаз еңбегі шәкіртімен елеулі

Гүлнар Әскерқызы – Жетісу облысы, Ескелді ауданы, Қарабұлақ ауылы, Шестаков атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі.  Гүлнар Әскерқызы өзінің саналы өмірін бастауыш сынып оқушыларын оқытуға арнады. Биыл мектепте үздіксіз жұмыс жасағанына 31 жыл болды. Ол 1969 жылы, 15 қыркүйекте Алматы облысы, Ескелді ауданы, Қарабұлақ ауылында дүниеге келді. Абай ауылындағы Абай атындағы орта мектепті үздік аттестатпен тамамдаған. Жүрегі ұстаз болуды аңсаған Гүлнар Әскерқызы 1987 жылы Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атындағы педагогикалық институтына оқуға түседі. Қарабұлақ ауылындағы Ш.Уалиханов атындағы мектеп-гимназиясында бастауыш сынып мұғалімі ретінде жұмысқа қабылданып, өзінің қалаған мамандығы бойынша жұмысын бастаған.

Білім беру саласына Қарабұлақ ауылының Ш.Уалиханов мектеп гимназиясына 1991 жылдан бастап іске кірісті. 2007-2008 жылдары Шестаков атындағы орта мектепке ауысып, сабақ берудегі кәсіби шеберлігімен, терең білімімен, ізденімпаздығымен, берілген тапсырманы аса жауапкершілікпен орындайтындығымен ерекшеленеді.

Гүлнар Әскерқызының жұмысына көңіл бөлетінін ізденіс жұмыстарынан да аңғаруға болады. Мұғалімдерге көмекші құрал ретінде бірнеше оқулықтың авторы. Атап айтатын болсақ, «1-4 сыныпқа арналған көркем жазу мәтіндер жинағы», «1-4 сыныпқа арналған шешендік сөздер жинағы», «1-4 сыныпқа арналған диктанттар жинағы», «1-4 сыныпқа арналған бақылау жұмысының жинағы», «1-2 сыныпқа арналған математикадан логикалық тапсырмалар», «3-4 сыныпқа арналған математикадан логикалық тапсырмалар». Авторлық бағдарламалары жылдық жоспары, сабақ жоспарымен қоса даярланған. Сонымен қатар, жаңа білім мазмұны бойынша «Бастауыш сыныпта тиімді әдіс-тәсілдерді қолдану» әдістемелік жинағының құрастырушысы.

Оқушылары «Ақ бота», «Русский медвежонок» сияқты интеллектуалды ойындарда жүлделі орын алып жүреді. Сонымен қатар, «Зерде» сияқты ғылыми ізденіс жұмыстарына оқушыларын дайындауды шет қалдырмайды. Оқушылары бастауыш сынып оқушылары болса да аудандық, облыстық, Республикалық ғылыми жобаларға қатысып, жүлделі орындар алып жүреді. Биылғы «Балалар жылы» аясында Республикалық «Зерде» ғылыми ізденіс жұмыстарына оқушыларын қатыстырып, жүлделі орынға ие болды.

Гүлнар Әскерқызы өз жұмысына жан-жақты қарауға тырысады. «Оқу мен тәрбие егіз» деп қазақ халқым айтпақшы оқу мен бірге тәрбие жұмысында бірге алып жүреді. Шәкірттің алғырлығын, тапқырлығын, мәдениетті болуын бойына сіңіруді көздеп отырады. Аудан, облыс көлемдерінде өткен тәрбие сағаттары, ашық сабақтары әріптестерінің көңілінен шығып жоғары баға беріліп отырады. Ерен еңбектері үшін аудандық білім бөлімі, Алматы облысының әкімінің Құрмет Грамотасы, Аудандық әкімнің мақтау қағазымен марапатталған. Сонымен қатар, білім саласына сіңірген еңбегі, жас жеткіншектерге берген тәрбиесі үшін «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісімен марапатталған.

Гүлнар Әскерқызы еңбексүйгіштігімен, ізденімпаздығымен, жаңашыл, кәсіби шеберлігімен өзіне де, өзгеге де талап қойғыштығымен, адамдық асыл қасиеттерімен, мұғалімдер, ата – аналар, оқушылар ұжымында сыйлы және беделді.