Кәсіподақ көшбасшыларына құрмет көрсетілді

Атырау облысы Кәсіподақтар үйінде «Senim» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалының ұйымдастыруымен Қазақстан Кәсіподақтары күніне орай мерекелік шара өтті. Оған денсаулық сақтау мекемелеріндегі кәсіподақ көшбасшылары мен белсенділері, сала ардагерлері шақырылды.


«Senim» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ облыстық филиалының төрағасы Майра Кашкенова сөйлеп, кеш қонақтарын Қазақстан Кәсіподақтары күнімен құттықтады. Ол биылғы жарияланған «Әлеуметтік әріптестік жылы» аясында филиал бойынша атқарылған игілікті істер мен алдағы міндеттерге тоқталды.
Бұдан соң Майра Тұрланқызы емдеу-сауықтыру мекемелері бастауыш кәсіподақ ұйымдарының рөлін көтеріп, беделін арттыру, денсаулық сақтау саласы жұмыскерлердің мүддесін қорғау мен еңбек қауіпсіздігін сақтаудағы ерен еңбектері мен көпке үлгі боларлық өнегелі істерге ұйытқы болып жүрген кәсіподақ белсенділеріне ризашылық сезімін білдіре отырып, олардың бір тобына жоғары органдардың марапаттары мен филиалдың атынан заттай сыйлықтарын ұсынды.

Ұзақ жыл денсаулық сақтау саласында еңбек етіп, кәсіподақ қозғалысының дамуына қосқан үлесі үшін Кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподақ ардагері» медалімен Геолог емханасының жалпы тәжірибелі дәрігері, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Наташа Стамғазиева, Кәсіподақтар федерациясының «Алғыс хатымен» облыстық онкология диспансерінің дәрігер-эпидемиологы, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Маржан Испергенова, медицина саласындағы кәсіби шеберлігі мен халық денсаулығын қорғаудағы ерен еңбегі үшін облыс әкімінің «Алғыс хатымен» Қызылқоға аудандық ауруханасының дәрігер-гинекологы, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Дәмегүл Меңдіғалиева, облыстық мәслихаттың «Алғыс хатымен» Мақат аудандық ауруханасының дантисті, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Ержан Сартаев марапатталды.

Сондай-ақ, бір топ әріптестер «Senim» Денсаулық сақтау сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағының» «Кәсіподақ үздігі» төсбелгісіне, Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына және облыстық филиалдың марапаттарына ие болды. Олардың қатарында облыстық балалар аурухананың дәрігер- оторинолорингологы Бауыржан Қадырғалиев, офтальмология ауруханасының бас есепшісі Гүлзара Өтекешева, №7 қалалық емхананың жалпы тәжірибелі дәрігері Гүлбахар Мәмбеткәрімова, Исатай аудандық ауруханасының аға емшібикесі Гүлвира Успанова, Дамбы дәрігерлік амбулаториясының лаборанты Айгүл Кенбаева, облыстық балалар стоматологиялық емханасының тіс дәрігері Шолпан Өтемісова және басқалар бар.

Кеш қонақтары әуезді ән тыңдап, ақ дастархан басында өзара пікір алмасты. Олар кәсіподақ жұмысын жандандыру жөніндегі ойларын ортаға салды.