Батыс Қазақстан облысында кәсіподақ ұйымдарының қызметкерлеріне арналған семинар-тренинг өтті

Орал қаласындағы М.Әуезов атындағы №2 жалпы орта білім беретін мектебінде «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Батыс Қазақстан облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігі өкілдерінің қатысуымен облыстық оқыту семинар-кеңесі өтті. Аталған семинар-кеңеске ауданның барлық білім беру ұйымдарының бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары мен қазынашылары қатысты.


Семинар-кеңесті Ақжайық ауданының білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Максим Үмбеталиев ашып, семинардың өту барысымен таныстырды. Алғашқы сөзді Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының «Батыс Қазақстан облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Даупаев алып, қатысушыларға жалпы кәсіподақ ұйымы туралы, оның жұмысы, атқаратын қызметі, қазіргі қоғамдағы рөлі туралы түсінік берді. Сонымен қатар семинарға қатысқан облыстық кәсіподақ ұйымының бас маманы Марина Хамитқызы, заңгері Гүлжанат Есетқызы, бас есепшісі Гүлнұр Сүндетқалиқызы кәсіподақ ұйымының жұмысы туралы әдістемелік, заңнамалық және қаржылық бағыттары бойынша баяндамалар жасап, әдістемелік көмек көрсетті.

Семинар-кеңес барысында бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары мен қазынашылары білім саласына қатысты туындаған мәселелер бойынша сұрақтарымен бөлісіп, пікір алмасты.

Аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының төрағасы Максим Жаншаұлы семинар-кеңесті қорытындылап, әдістемелік көмек көрсеткен облыстық кәсіподақ ұйымы мен барлық қатысушыларға ризашылығын білдірді. Осындай оқыту семинарлар алдағы уақытта да жалғасын табады.