Еңбек заңмен қорғалады

ҚРКФ «Кәсіподақ көшбасшысы мектебі» оқу курсы аясында салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының, мемлекеттік, банк мекемелері және халыққа қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподақ ұйымының, атом өнеркәсібі қызметкерлерінің және орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі қызметкерлерінің салалық кәсіподағының кәсіподақ көшбасшыларына арналған кезекті семинар «Қазақстан Республикасы Еңбек заңнамасын қолдану тәжірибесі бойынша негізгі ұғымдар» тақырыбында өтті.

Семинарға қатысушылар еңбек заңнамасының ең өзекті баптарымен танысып, қызметкерлердің құқықтарын қорғаудың негізгі тетіктерін қарастырды.

Іс-шараның спикері, ҚРКФ «Қызылорда облыстық кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің бас маманы Майра Боранбаева нақты мысалдар келтіре отырып, кәсіподақ мүшелеріне Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің нормалары туралы айтып берді.

«ҚР Еңбек кодексінің 1-бабы негізгі ұғымдардан басталатынын білесіздер. Жалпы, әрбір кәсіподақ көшбасшысы өзіне жүгінген кәсіподақ мүшесінің мәселесін шешу үшін еңбек заңнамасына жүгінетіні сөзсіз. Еңбек қатынастарына қатысты мәселе болғандықтан, түсіндірме жұмыстарын жүргізу қажет болады», – деп атап өтті Майра Боранбаева.

Қатысушылар қолданыстағы еңбек заңнамасының жекелеген нормаларын түсіндіре отырып, өздерін қызықтырған барлық сұрақтарға толық жауаптар алды.

Кәсіподақ мүшелері оқу бағдарламасына үлкен қызығушылық танытты. Семинарда кәсіподақ мүшелерінің іс-тәжірибесінен түрлі жағдайлар бойынша пікір алмасу болды.

Айта кету керек, Кәсіподақ көшбасшысы мектебі Кәсіподақтар федерациясының жаңа оқу жобасы болып табылады. Жобаға қатысушыларды іріктеу олардың соңғы 2019-2022 жылдарға кәсіподақ ұйымдарының басшылары болып сайлануын ескере отырып жүзеге асырылады.

Кәсіподақ көшбасшысын оқыту курсы 3 айға немесе 36 академиялық сағатқа есептелген, ол жұмыс жоспарына сәйкес аптасына 2 рет өткізіледі.

Оқу курсының соңында тыңдаушыларға Кәсіподақ көшбасшысының мектебін аяқтағаны туралы сертификаттар беріледі.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы