forbes.kz: “Қазақстанның халықаралық кәсіподақтар федерациясындағы мүшелігі қалпына келтірілді”

Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының Бас кеңесі Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясындағы мүшелігін қалпына келтіру туралы шешім қабылдады. Бұл туралы ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин мәлім етті, деп хабарлайды  ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиаорталығы

ҚР Кәсіподақтар федерациясының делегациясы Австралияның Мельбурн қаласында өтіп жатқан Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының V конгресіне қатысып жатыр.

«ХКК Бас кеңесінің отырысында ҚР Кәсіподақтар федерациясының Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясына мүшелігі туралы мәселе қаралды. Кәсіподақтар федерациясының ХКК-ге мүшелігін қалпына келтіру туралы шешім қабылданды! Дегенмен, еліміздегі бірлестіктер бостандығын қамтамасыз ететін заңнамалық реформалардың жүзеге асырылуы маңызды», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

17-22 қарашада 300-ден астам ұлттық кәсіподақ орталықтарының делегаттары алдағы төрт жылға арналған Дүниежүзілік кәсіподақтар қозғалысының күн тәртібін талқылайды.

Конгресс қатысушылары мүше-елдердегі тұрақтылықты сақтау бойынша ұсыныстар көрсетілетін «Жаңа әлеуметтік келісімшарт» мәлімдемесін қабылдауға ниетті. Мәлімдеме жобасына сәйкес, талқылау жаңа әлеуметтік келісімшарт тақырыбына: «жасыл» жұмыс орындары, жұмыскерлердің құқықтары, әділетті жалақы, әлеуметтік қорғау, теңдік және инклюзивтілікке арналады.

Айта кетсек, Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы – 161 елден 176 миллион адам кіретін әлемдегі ең ірі кәсіподақ бірлестігі. 2018 жылы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының ХКК-ге мүшелігі тоқтатылған болатын.

https://forbes.kz/news/2022/11/17/newsid_288945