Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының ұйымдастыруымен кәсіподақ мүшелеріне әлеуметтік-еңбек қатынастары саласындағы адам құқықтарының халықаралық стандарттардың ұсынымдарына және ҚР заңнамасының ережелеріне негізделген ұжымдық еңбек дауларын шешудің нақты және дәйекті алгоритмін үйрету мақсатында «Ұжымдық еңбек даулары. Татуластыру рәсімдері» тақырыбында оқу марафоны өтті.
Марафонның бүгінгі тыңдаушылары Жамбыл және Қызылорда облыстарының кәсіподақ активтері мен кәсіподақ мүшелері болды.
Семинардың лекторы, ҚР Кәсіподақтар федерациясының Лекторлар пулының мүшесі Хансейіт Бөлен еңбек дауларын шешу жөнінде жан-жақты ақпарат беріп, татуластыру комиссиясының жұмысын егжей-тегжейлі түсіндірді.
Марафонның үйлестірушісі, ҚР Кәсіподақтар федерациясының Ұйымдастыру және бақылау жұмысы департаменті директорының орынбасары Ләззат Есжанова семинар барысында қатысушылардың келісім комиссиясы, оның құрылымы, комиссияның құқығы туралы қойған сұрақтарына жауап берді.
Марафон соңында қатысушылар ұжымдық еңбек даулары, оларды шешу тетіктері мен рәсімдері бағытында өз білімдерін кеңейтуге, сондай-ақ ұжымдық еңбек дауларын шешудің құқықтық технологиясын талдауға және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен жұмыс істеу дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік алғанын атап өтті.
Айта кетейік, осы марафон аясында оқыту семинарлары жыл соңына дейін еліміздің барлық өңірлерінде әр апта сайын жалғасатын болады.