Еңбек адамы – Бақтыгүл Біләлқызы

Бақтыгүл Біләлқызы өзінің еңбек жолын 1985 жылы Маңғыстау облысы Форт-Шевченко қаласында білім бөлімінде әдіскерлік қызметінен бастады.

2005 жылдан бастап, аудандық мәдениет үйіне жұмысқа шақырылып, бөлім меңгерушісі, қалалық мәдениет үйі директоры міндеттерін атқарды.

Мәдениетте істеп жүріп, «мәдениет – нақты іс, қайталанбас қолтаңба» ұстанымын міндетке алып, көптеген ірі шараларға мұрындық бола білді. 2012-2013 жылдары «Маңғыстау «Ақтау ақпарат» газетінде тілші қызметін атқарып, өзінің сауаттылығымен, әдебиетке деген құштарлығымен көптеген беделді адамдардың өмірінен новелла, мақалалары жарық көрді. 2013 жылдың қыркүйегінен бастап қоныс аударуына байланысты Ақтөбе облыстық шығармашылық үйінде мәдени бағдарламаларды ұйымдастырушысы қызмет атқарды. Осы жылдардан бастап, өзінің шығармашылдығымен мәдениет саласында өзін көрсете білді. Бағзыдан келе жатқан баба мұрасын жаңғырту, ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеу, өшпес өнерді өрістету жолында көп еңбектенеді.

«Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» бағдарламасы аясында «Алтыбақан» ойын-сауық отауы, «Салтым бар ескірмеген» авторлық бағдарламалары бойынша сценарий жинағын мәдени шараларда іске асырды. Өзін осы мәдениет саласында білікті, шығармашыл маман ретінде көрсете білді. Белгілі сазгер Б.Жұмалиннің, Ұлан Досмұратовтың, Е.Тінәлиннің ән саздарына сөздер жазды. Облыстық, қалалаық ірі мәдени шаралардың сценарлерін жазды. “ҚР Тәуелсіздігіне-25, 30” медалімен, облыс және қала басшыларынан Алғыс хаттарымен, ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлованың Алғыс хатымен марапатталды, сонымен қатар республикалық «Мәдениет» журналына үнемі мәдениет жаршысы ретінде өнер саласындағы тыныс-тіршіліктің қайнары жөнінде мақаларын жариялап отырады. Даладай көкірегіне дария өнердің қыр-сырын ұялатқан бұл жанның өнер жолындағы қолтаңбасы расында да ұрпаққа үлгі боларлықтай.