21 маусымда Астанада ҚРКФ «Қазіргі әлеуметтік-еңбек қатынастары. Қазақстанның теориясы мен іс-тәжірибесі» конференциясын өткізді. Форум жұмысына белгілі экономистер, еңбек сарапшылары және қоғамдық пікір көшбасшылары қатысты.
Осы Конференция аясында Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік-еңбек қатынастары талданды. Атап айтқанда, жұмыспен қамту, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау; жастарды әлеуметтендіру, лайықты және табысты еңбек, лайықты еңбекақы мәселелері қарастырылды.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Бақытжан Әбдірайым өз сөзінде ҚРКФ еліміздегі әлеуметтік-еңбек қатынастарын анықтау және шешуге арналған түрлі сараптамалық алаңдардың құрылуына бастамашы екендігін атап өтті.
«Біз үдемелі өзгерістер кезеңінде өмір сүрудеміз. Өзгерістер әлеуметтік-еңбек қатынастарын да айналып өтпеді. Еңбек қатынастары саласында әдістемелік талдауды жетілдіру қажет және бүгінгі конференция осындай әмбебап алаңдардың бірі болып табылады» – деді ҚРКФ Төрағасы.
Бақытжан Әбдірайым еліміздегі еңбек нарығындағы негізгі қауіптерге, атап айтқанда, экономика құрылымында өзін-өзі қамтамасыз етіп отырғандардың деңгейі жоғары болуы, жұмыссыздықпен байланысты еңбек нарығындағы елеулі теңсіздік, Қазақстандағы шағын және орта бизнестің даму деңгейінің төмен болуы, жастар арасында және ауылда жұмыссыздықтың жоғары деңгейіне ерекше тоқталып өтті.
Сондай-ақ, Конференция аясында ҚР Кәсіподақтар федерациясы мен Республикалық адвокаттар алқасының арасында меморандумға қол қою рәсімі өтті. Осы меморандум еңбеккерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, кәсіптік одақтар мен жеке сектор, мемлекеттің ынтымақтастық механизмін негізге алу арқылы әлеуметтік-еңбек қатынастарының тиімді үлгісін қалыптастыруға жәрдемдесуді қарастырады.
Сонымен қатар, Конференцияда «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев, «Самрұқ-Қазына» АҚ «Әлеуметтік өзара ықпалдастық және коммуникациялар орталығының» Бас директоры Ербол Исмаилов, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мансұрхан Махамбетов, заң ғылымдарының докторы, профессор, Еуразиялық құқық қорғау орталығының Президенті Еңлік Нұрғалиева, «Нұр Отан» партиясының Саяси жұмыс департаментінің директоры Данат Жумин және т.б. сөз сөйледі.
Аталмыш дөңгелек үстел ағымдағы жылы ҚР Кәсіподақтар федерациясымен ұйымдастырылып отырған ҚР еңбек нарығындағы сарапшылардың үшінші ірі кездесуі болды. 15 наурызда Астанада «Еңбек нарығы: жаһандық үрдістер, мәселелер мен мүмкіндіктер» атты ғылыми-тәжірибелік конференция және 21 мамырда «Орталық Азия елдеріндегі әлеуметтік-еңбек қатынастары: талдау және келешегі» дөңгелек үстелі өткізілген.