Қызылордада «SENİM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіподағының бастауыш ұйымдарында өтіп жатқан “Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн” акциясы Облыстық психикалық орталықта жалғасты. Сала мамандарының қатысуымен орталықта «Зорлық-зомбылықсыз қоғам» тақырыбында семинар-кеңес өтті.
Семинарға қатысушылар тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған жағдайда қандай әрекет жасау қажеттілігі туралы ақпаратпен бөлісіп, қоғамдағы келеңсізі мәселенің өзектілігі туралы ой-пікірлерімен бөлісті.
Орталық директорының орынбасары Ақтоты Әлназарова семинар барысында қазіргі қоғамда нәзік жандылардың құқығы жиі бұзылатындығын және оның алдын алуда құқықтық сауаттылықтың маңыздылығын тілге тиек етті. Емдеу мекемесінің кәсіподақ ұйымы төрайымы, психолог Гүлмира Ақтаева тақырып аясындағы өзінің кәсіби пікірін білдірді. Психолог маман ретінде қоғамдағы бұл құбылыстың психологиялық тұрғыда адам өміріне нұқсаны туралы айтқан Гүлмира Ақтаева кәсіподақ белсендісі ретінде әйелдердің зорлық-зомбылық салдарынан болған жан жарасы денсаулығының бұзылуына әкеліп соғатындығын, бұл оның еңбекке қабілеттілігін төмендететіндігін, сол жағдайларда ол жұмыскерлерге ұжым қолдауы мен оны әлеуметтік -психологиялық қолдаудың маңыздылығын атап өтті.
Семинарға қатысқан Қызылорда қалалық полиция басқармасының мамандары кез-келген әйелдің зорлық-зомбылықтан қорғануға құқылы екенін атап өтіп, қалада ағымдағы жылы орын алған зорлық-зомбылық жағдайлары туралы ақпараттармен бөлісті.
“Жыл басынан бері қала аумағында әйел азаматтарға қатысты зорлық-зомбылық әрекеті бойынша 1900 жағдай тіркеуге алынған. Әйел адамдар өзінің және баласының қауіпсіздігін сақтауға мән беруі тиіс. Өзін ұрып-соққанға көніп жүруге болмайды. Біз зайырлы, азаматтардың құқықтары тең қоғамда өмір сүреміз. Осыны естен шығармау керек”, – деді Қызылорда қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімі “Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау” тобының инспекторы Айгерім Ерболат.