ХЕҰ «Цифрлық еңбек платформасының сот практикасы туралы» білім алмасуы өтуде

6 желтоқсанда Халықаралық Еңбек Ұйымының «Цифрлық еңбек платформасының сот практикасы туралы» білім алмасу оқулары басталды.

Онлайн білім алмасуға Кәсіподақтар Федерациясынан Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-экономикалық қатынастар бойынша комитет төрағасы Саруар Кенжебулат және Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің бас маманы Майра Боранбаева қатысуда. Үш күндік оқудың бірінші күнінде халықаралық деңгейде әріптестер «Сандық еңбек платформасы: жаһандық келбет» тақырыбын талқылады.

Білім алмасудың пікірсайыс бөлімінде Халықаралық Еңбек Ұйымы өкілі Ума Рани, еуропалық еңбек басқармасынан Айрин Мандл, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы өкілі Маргарита Лейн тақырыптық ақпараттармен бөлісті. Халықаралық білім алмасу пленарлық отырыс, интерактивті сессия форматтарында сандық еңбек платформалары жұмыстарын анықтау, жіктеу, ұлттық деңгейдегі қазіргі жағдай тақырыптарын талдаумен жалғасты. Оқуға қатысушылар еңбек нарығында сандық платформа қызметкерлері үшін туындайтын мүмкіндіктер мен қиындықтар және осы сын-қатерлерге қатысты тиісті заңнаманы, нақты реттеуші заңнаманы қолдана отырып, қалай әрекет ету керек деген сұрақтарды талқылауды жалғастыратын болады.