«Еңбек жолы» республикалық байқауының жеңімпаздары мен еңбек ардагерлерін салтанатты марапаттау рәсіміне Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин қатысты.
«Үздік еңбек әулеті», «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері», «Өндірістің үздік жас маманы» атты үш номинациядан тұратын байқауға биыл 500-ден астам қызметкер қатысты.
«Өндірістің үздік жас маманы» номинациясы бойынша байқау жеңімпаздары Кәсіподақтар федерациясы төрағасының қолынан марапаттарға ие болды. Бұл номинация бойынша бірінші орынның иегері Павлодар облысынан келген Наурызбек Дәкен атанды. Екінші орын Алматы облысынан келген Сұлтан Әукенге бұйырды. Үшінші орын Ақмола облысынан келген Нұрқасым Байшуақовқа бұйырды.
«Үздік еңбек әулеті» номинациясы бойынша Абай облысының Тукубаевтар әулеті жеңімпаз атанды. Екінші орынды Шығыс Қазақстан облысының Ковалевтар әулеті, ал үшінші орынды Ұлытаулық Бекмағанбетовтар әулеті қанжығасына байлады.
Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері атағын Алматыдан келген Людмила Хвостова иеленсе, екінші және үшінші орынды Қарағанды облысынан Ерғазы Тұрлыбеков пен Атырау облысынан Жұмабай Абдулов алды.
Өндірістің үздік жас мамандары атағын: Наурызбек Дакен Павлодар облысы (1 орын), Сұлтан Әукен Алматы облысы (2 орын) және Нұрқасым Байшуақов Ақмола облысы (3 орын) иеленді.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова еңбек ардагерлері Жанаргүл Мағұлова, Қабдулман Имамбеков және Күнімбала Баяхметбаеваға «Еңбек ардагері» медальдарын табыс етті.
Салтанатты шараға қатысушылар еңбекшілердің мемлекет дамуына қосқан ерекше үлесін атап өтіп, жеңімпаздар мен еңбек ардагерлеріне кәсібилігі мен еңбекқорлығы үшін алғыстарын білдірді.
Еске салайық, еңбек әулеттері мен өндіріс қызметкерлері арасындағы «Еңбек жолы» республикалық байқауы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен 2016 жылдан бері өткізіліп келеді. Оның негізгі міндеті – еңбек адамдары туралы оң қоғамдық пікір қалыптастыру және кәсіпорындар мен ұйымдарда жаңа еңбек әулеттерінің қалыптасуына жағдай жасау.