Анкарадағы конгресс: Кәсіподақтар – әлеуметтік реформалардың қозғаушы күші

Анкарада Hizmet-Iş кәсіподақтарының 14-ші конгресі аяқталды. Биылғы жылы Конгресс «Жаһандық еңбек күші» ұранымен өтті. Оның жұмысына әлемнің 26 елінің Ұлттық кәсіподақ орталықтарының 600 делегат-өкілдері қатысты. Конгреске Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы атынан ҚРКФ Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев қатысты.

Екі күн бойы форумға қатысушылар халықаралық кәсіподақтардың күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді: COVID-19 пандемиясының дүние жүзіндегі елдердегі еңбек қатынастарына ықпалының салдарын, кәсіподақ қозғалысының мақсаттары мен міндеттерін, сондай-ақ жұмыскерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы бірлескен күш-жігер мәселелерін талқылады.

Конгресс аясында Hizmet-Iş кәсіподақтарының басшысын сайлау өтті. Делегаттар көпшілік дауыспен Hak-Iş Түрік кәсіподақтар конфедерациясының президенті Махмут Арсланды қайта сайлады.

Махмут Арслан әріптестеріне жоғары сенімі үшін алғыс айта отырып, кәсіподақ көшбасшылары мен белсенділерінің жұмыссыздық мәселелерін шешуде, жалдамалы қызметкерлердің құқықтарын қорғауда және барлық деңгейдегі әлеуметтік әріптестік нысандарын жетілдіруде күш-жігерін біріктіру қажеттігін атап өтті.

«Бейбітшілік пен бауырластық, заң мен әділеттілік, махаббат пен достық – халықаралық кәсіподақ қозғалысының ұстанымдары. Бір-бірімізді қолдау арқылы біз жұмыскерлердің құқығын қорғауға көмектесеміз. Мүмкіндіктерімізді біріктіре отырып, біз елдеріміздегі кәсіподақ мүшелерінің мүдделерін қорғауда белгілі кепілдіктер жасаймыз», – деді Hak-Iş Түрік кәсіподақтар конфедерациясының президенті.

Конгресс жұмысынан алған әсерлерімен бөлісе отырып, оған қатысушылар дүние жүзіндегі еңбекшілердің құқықтары мен мүдделерін одан әрі ілгерілету үшін тәжірибе алмасудың және ортақ тәсілдерді әзірлеудің маңыздылығын атап өтті.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев заманауи сын-қатерлерге қарсы тұруда кәсіподақтардың рөлін барлық жерде күшейту керектігін баса айтты.

«Кәсіподақтар – жұмыскерлердің құқықтарын қорғауда және әлеуметтік реформаларды ілгерілетуде негізгі қозғаушы күш. Сондықтан форумға қатысушылар үшін әлеуметтік әріптестік жүйесін дамыту, кәсіподақтардың әлеуметтік бағытталған заңдарды қабылдауға қатысуы, әділеттілік қағидаттарын жаңарту және ілгерілету, кәсіподақ мүшелері үшін лайықты еңбек жағдайлары мен лайықты еңбекақыны қамтамасыз ету бойынша тәжірибе алмасу маңызды. Форумға қатысушылар түрік кәсіподақтарының әлеуметтік әріптестікті дамытудағы тәжірибесіне қызығушылық танытуда», – деді Мұхтар Тінікеев.

Конгрессте әлеуметтік әріптестік тарапынан Түркия Республикасы Еңбек министрінің орынбасары Елтугрул Сойсал сөз сөйледі.

«Біз кәсіподақтарды және олардың жұмыссыздықпен күресуге, ұжымдық шарттық қатынастар аясында әлеуметтік кепілдіктер жасауға қатысуын қолдаймыз. Үкімет өкілдері, жұмыс берушілер мен жұмыскерлер үшжақты қарым-қатынастардағы тепе-теңдікті сақтап, арттыруы керек», – деді Түркияның Еңбек вице-министрі кәсіподақ көшбасшыларына сөйлеген сөзінде.

Конгресс қатысушылары кәсіподақ қоғамдастығы елдердің үкіметтерімен және жұмыс берушілер қауымдастығымен серіктестікте әлеуметтік және еңбек қатынастарын дамытудың халықаралық стандарттарын қолдана отырып, қазіргі заманның жаһандық сын-қатерлерінің салдарын шешуге ықпал ете алады деген ортақ пікірге келді.

Еске салайық, Hak-Iş түрік кәсіподақтар конфедерациясы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының әріптесі болып табылады. Hak-Iş президенті Махмут Арслан ҚРКФ Халықаралық Еңбек Конфедерациясына мүшелігін қалпына келтіру шешімін алғашқылардың бірі болып қолдады. Қазақстан мен түрік ұлттық кәсіподақ орталықтары арасындағы байланыс қарқынды дамып келеді. Қазақстан делегациясының Hizmet-Iş  кәсіподақтарының 14-ші конгресіне қатысуы қазақ-түрік ынтымақтастығын дамытудағы тағы бір қадам болып табылады.

ҚРКФ медиаорталығы