Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары, әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі Ақтөбе облыстық үшжақты комиссиясының төрайымы Гүлқасима Сүйінтаеваның жетекшілігімен әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның отырысы өтті.
Отырысқа комиссияның тұрақты мүшесі, Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Алтынбек Әмірғалиев қатысты.
Отырыстың күн тәртібінде Хромтаудағы Дөн кен-байыту комбинатындағы қауіпсіздік пен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету бойынша және өндірістік жарақаттануды азайту бойынша қабылданып жатқан шаралар қаралды.
Ақтөбе облысында 2022 жылдың қорытындысы бойынша қала мен облыс кәсіпорындарында өндірісте 76 жазатайым оқиға болды, онда 103 адам зардап шекті, бұл өткен жылдың осы кезеңінен 3,8% – ға азайған. Тау-кен металлургия саласындағы жарақаттанудың жоғары деңгейі “Қазхром” ТҰК АҚ филиалының Дөн Кен-байыту комбинатына тиесілі болып тұр.
2022 жылы11 жазатайым оқиғаға жол берілді. Соңғысы,жуырда желтоқсанның 26-нда бір жұмысшы абайсызда өндірістік жарақат алған.
«Бұндай жазатайым оқиғалардың болуы – ең алдымен жұмыс берушілерге қатысты болып тұр. Өндірістік жабдықтар мен өндіріс технологиясының тозуы, жұмыс орындарының қауіпсіз еңбек жағдайларымен қамтамасыз етілмеуі, жауапты лауазымды тұлғалардың біліктілігінің жеткіліксіздігі», – деп атап өтті баяндама жасаған Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясының басшысы А.Мырзалин.
Үшжақты комиссия отырысында сөз алған Ақтөбе облыстық кәсіподақ орталығының төрағасы А.Әмірғалиев өндірістегі қауіпсіздікке мән беру үшін кәсіпорындарда ең алдымен өндірістік кеңестер мен кәсіподақ ұйымдарын құру, техникалық инспекторлардың мәртебесін жақсарту, оларды қайта даярлықтан өткізу, көтермелеу үшін сыйақылар беру арқылы жұмысқа деген ынтасы мен жауапкершілігін арттыру мақсатында ұжымдық шарттарға өзгерістер мен толықтырудар енгізу жайына баса көңіл бөліп нақты жұмыстарды қолға алуды ұсынды.