Ұстаз – ұлы тұлға

«Ел есінде бір жыл қалғың келсе – ас бер, он жыл қалғың келсе – ағаш отырғыз, ал мәңгі қалғың келсе – бала тәрбиеле», – дейді халық даналығы. Міне, осындай ең қастерлі де қасиетті мамандықты адал атқарып жүрген ұстаздардың бірі – Алға ауданы, В.Пацаев атындағы №2 Алға орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Төлегенова Райхан Қанатқызы.

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп ұлы Абай атамыз айтқан осынау қастерлі мамандықтың иесі атанып, шәкірт тәрбиелеп жүргеніне- 36 жыл. Алғашқы еңбек жолын 1986 жылы өзі оқыған мектепте, 40 жыл ұстаздық еткен өз анасының жанында, өзіне сабақ берген ұстаздарының қасында бастаған болатын. Тәжірибелі ұстаздарының қасында жұмыс жасай жүре, ұстаз болудың жакапкершілігі қаншалықты жоғары болса, қызыға да көп екендігіне көз жеткізді. Ұстаздық еңбек жолындағы ұстанымы – әр оқушының бойынан жақсылық тауып, бұлақтың көзін ашу арқылы биік мақсаттарға жетелеу, үнемі жаңалыққа ұмтылып, алдыңғы қатардан көріну. Осы бағыт бойынша шәкірттеріне үздіксіз тәлім-тәрбие беру арқылы оқушылардың өз бетімен жұмыстану үрдісін жандандырып келеді. Нәтижесінде оқушылары аудандық, мектепішілік байқауларда жүлделі орындарды қанжығаларына байлап жүр.

Райхан Қанатқызы білімді де білікті ұстаз, жас мамандарға үлгілі тәлімгер, ата-аналардың алдында абыройлы тұлға. Ол оқушыларына білім мен тәрбиені сапалы дарыта отырып, дарынды ұрпақтың дамуына жол ашқан ұстаз. Бойына ұлттық болмыс пен кішіпейілділік, адами қасиеттерді жинақтаған, қоғамдық істердің белсенді мүшесі, кәсіби шеберлікке жеткен маман. Шәкірттерді «білім шыңына жетелеуші» майталман ұстаз.