Ұстаз – ұлағатты ұғым

“Еңбеккер бейнесінде” – саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесінен бастап, халыққа адал қызмет еткен ардақты азамат, рухани ұстаз – Сары Жетібай Байнауырызұлы. Ұлағатты ұстаздың өмірі жайлы біраз сыр шертсек. Ұзақ жылдар бойы ұстаздықтың ұлы жолында өзінің айшықты еңбегімен дараланған Сары Жетібай жайлы ерекше ілтипатпен айтуға болады. Ол – ұлағатты ұстаз. Себебі, ғибратты ғұмырының қымбат шақтарын болашақ буынды оқыту мен тәрбиелеу ісіне арнап келеді. Өз ісіне берілген, шәкіртінің жанына нұр құя білген Жетібайдай ұстаздың өмірі – болашақ үшін үлкен өнеге.

Ол – Ақтөбе облысы, Байғанин ауданының тумасы. Сары Жетібай 1960 жылы 17-қарашада дүниеге келген. 1977 жылы Байғанин орта мектебін тәмамдап, мұғалім болу арманымен Ақтөбе педагогикалық институтына оқуға түседі. 1982 жылы жоғары оқу орнын физика мамандығы бойынша бітіріп, жас маман ұстаздық еңбек жолын Көкбұлақ орта мектебінде бастап, осы уақытқа дейін осы білім ордасында еңбек етуде. Ұстаздың қарапайымдылығы мен еңбекке деген ерекше ынтызарлығы оны өзгелерден ерекшелендіреді. Жетібай өз жұмысына адал, үнемі өзінің кәсіби біліктілігін арттырумен үзбей шұғылданып келеді. Әріптестері арасында беделді. Осыншама еңбек еткен жылдары мектепте бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы, тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары және 10 жылдай мектеп директоры қызметін атқарды. 40 жылдай еңбек жолында жеткен жетістіктері айтарлықтай. Шәкірттері облыстық, республикалық Кіші Ғылыми академиясының III дәрежелі дипломы, «Балалар – ғарышқа» II халықаралық байқауының дипломы, облыстық «Дарын» грамотасы, Республикалық «Зерде» конкурсының облыстық кезеңінің III дәрежелі дипломы, Республикалық IQANAN олимпиадасының мақтау қағазы және аудандық ,облыстық ғылыми жобалар,олимпиада жүлдегерлері қатарынан көрінді.

Сары Жетібай білім беру және тәрбиелеу ісін жетілдіруге қосқан үлесі үшін облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен және аудандық кәсіподақ комитетінің Алғыс хатымен, аудан әкімінің және аудандық білім бөлімінің Алғыс хатымен марапатталған. «Үздік 100 автор-2021» Республикалық жобасында, республикалық педагогикалық олимпиадада, «Мың бала» халықаралық ғылым білімді қолдау орталығының ұйымдастыруымен өткен олимпиадада жүлделі І орынға ие болды.

Оның мұғалімдік қабілетімен қатар спортқа да бейімі бар екендігін оқытушылар арасында шахматтан өткізілген спартакиададан I орын алғандығы дәлелдейді. Өмір жолын ұлт болашағы ұрпақ тәрбиесіне арнаған Жетібай Байнауырызұлының тәрбиесін көріп, ұстаздық жүрегінен нәр алған шәкірттері бүгінгі таңда ел мақтанышына айналып, көпшіліктің алғысына бөленіп жүр.

«Отан – отбасынан басталады» демекші, Сары Жетібай әулетінде ұлттық салт-дәстүрлер сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Жетібайдың жары Аманова Қырмызы да ұстаздық мамандықтың ұлағатты қасиетін бойына сіңірген ардақты жан. Үлгілі отбасында бес бала тәрбиелеп өсірді және қазіргі кезде балалары да жоғары білімді мамандар.
39 жыл тарих пәнінен дәріс берген Аманова Қырмызы білім беру және тәрбиелеу ісін жетілдіруге қосқан үлесі үшін облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталып, өзі де, шәкірттері де республикалық білім бәйгелерінде топ жарып жүр.

Сариндер әулетінің тұңғыш перзенті Сарин Өтеген әке жолын қуып, Ақтөбе педагогикалық институтын денешынықтыру мамандығы бойынша бітіріп, қазіргі кезде Ақтөбе гуманитарлық колледжінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Өтегеннің де өз пәні бойынша жетістіктері айтарлықтай.

ҚР Білім және ғылым министрлігі және Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағының дипломдарымен марапатталған.

2020 жылы «Ең үздік дене тәрбиесі пәні оқытушысы» атағын жеңіп алып, облыс әкімінің сыйақысына ие болған.

Келіні Арихова Гүлдана Абылқызы №50 «Алтын бесік» балабақшасының тәрбиешісі, қызы Сарина Назкен С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ассистенті, магистр. Күйеу баласы Муханов Нұрболат С.Сейфуллин атындағы университетінің аға оқытушысы. Қызы Сарина Ақназ Орыс – қазақ университетінің оқытушысы болып еңбек етеді.
Бірлік пен берекеге негізделген әулет бүгінде жарқын өмір мен бақытты неке құндылықтарын көпшілікке үлгі етіп отыр.