Кәсіподақ Еңбек адамына құрмет көрсетті

Физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының Құрметті академигі Кенжеғали Кенжебаев мерейлі 70 жасқа толды. Ғалымның мерейтойына орай өткен салтанатты шараға Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, білім саласының өкілдері, қоғам қайраткерлері, кәсіподақ жетекшілері, ғалымдар мен Кенжеғали Кенжебайұлының шәкірттері қатысты.

Ғылыми кеңестің кеңейтілген мәжілісіне Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіптік одағының төрағасы Айгүл Мұқашева мен Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Раушан Серікова қатысты.

Айгүл Мақсатқызы мерейтой иесіне құттықтау хат пен сый-сияпат табыстады.

Айта кетейік, профессор Кенжебаев Кенжеғали Кенжебайұлы еңбек жолын Жұбанов университетінде аға оқытушы, кафедра меңгерушісі, факультет деканы қызметтерінен бастап, 20 жылдан астам уақыт университетке басшылық етті.

Ғалымның 100-ден астам ғылыми еңбектері ТМД елдерінің басылымдарында жарық көрді. Оның жетекшілігімен дифференциалдық теңдеулердің сапалық теориясын зерттеу және басқарудың математикалық теориясының кейбір есептерін талдап жасау жөніндегі ғылыми мектептері қалыптасқан.