«Ұстаз болу өз уақытыңды аямай, өзгенің бақытын аялау» – деп Мұхтар Әуезов атап айтқандай, бүгінгі еңбек адамы айдарындағы кезекті мақаламыз уақытпен санаспай балалардың болашағы үшін аянбай еңбек етіп, өз үлесін қосып келе жатқан ұстаздардың бірі де, бірегейі Саитов Закиржан Юлдашұлы туралы өрбімек.
Закиржан Юлдашұлы 1963 жылғы қаңтар айының 1-і күні бұрыңғы Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласы, Ескі Иқан ауылында дүниеге келген.
1980-1985 жылдар аралығында В.И. Ленин атындағы Ташкент мемлекеттік университетінің тарих және қоғамтану пәні бойынша жоғары білім алып шыққан соң, 1985 жылы А. Яссауи атындағы жалпы орта мектебінде тарих және қоғамтану пәні мұғалімі болып еңбек жолын бастады. Аталған білім ордасында 2000 жылға дейін еңбек еткен жылдары пән бірлестік жетекшісі, кәсіподақ ұйымының төрағасы қызметтерін ойдағыдай атқарып келді.
Одан соң 2000 жылдан бастап Ескі Иқан негізгі орта мектебінде еңбек жолын жалғастырып, 2006 жылдан 2012 жылға дейін осы мектептің директоры қызметін атқарды.
2012 жылдан бастап әр шәкірттің тұлға болып қалыптасуына елеулі үлес қосып Түркістан облысы Сауран ауданы №25 жалпы орта мектебі директоры қызметін бүгінгі күнге дейін абыроймен атқарып келеді.
Закиржан Юлдашұлы барды бағалап, айналасындағы жандармен қарым-қатынасында да жоғары адамгершілік көрсете білетін, өз жұмысына, бала тәрбиесіне жаны ашып, асқан жауапкершілікпен қарай білетін, адал да шынайы, өз ісіне жауапты ұстаздардың бірі.
Мұғалім болу – ең абыройлы еңбек. Сонымен бірге бұл – өте жауапты жұмыс. Ұстаздық – қасиетті қызмет десек те артық емес. Себебі әр шәкірттің тұлға болып қалыптасуында ұстаздың орны ерекше. Осы ретте Саитов Закиржан Юлдашұлының еңбегі де елеусіз емес.
Атап айтсақ:
• 2016 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» толуына орай, еңбек жолындағы үздік қызметі үшін «ЕЛЕУЛІ ЕҢБЕГІ ҮШІН» медалімен;
• 2016 жылы жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін «Ы. АЛТЫНСАРЫН» белгісімен;
• 2018 жылы Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Қ.Балабиевтың Құрмет грамотасымен;
• 2020 жылы «Атадан-мұра» қоғамдық қоры тарапынан Қазақстан Республикасы білім беру саласында ерекше еңбегі мен шығармашылығы үшін «Үздік директор» төсбелгісімен;
• 2021 жылы жылы Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына Сауран аудыны әкімі Ғ.Рысбековтың Алғыс хатымен;
• 2021 жылы Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына Сауран аудыны адами әлеуетті дамыту бөлімі басшысы А.Батырбекованың Алғыс хатымен;
• 2022 жылы Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін»төсбелгісімен марапатталды.
Сондай-ақ, білім беру саласында қарапайым мұғалімнен басшылық қызметтің әртүрлі салаларында мамандығына деген сүйіспеншілігі мен кез-келген істе тәуекелге бара алуы, өзіне тапсырылған жауапкершілікті ала отырып, оны ұйымдастыра білуінің арқасында 2017-2018 оқу жылы бала жанының бағбаны болып, оқушыны шығармашылыққа үйретіп, дарындылық жолына жетелегені үшін Қазақстан Республикасы Астана қаласы бастауыш сынып оқушыларына арналған олимпиада орталығы директорының Мақтау қағазымен мараптталған болатын.
Бақытын еңбектен таба білген ұстаз отбасылық өмірде де бақытты: ардақты әке, адал жар. Бүгінде 30 жылдан астам еңбек өтілі бар ұлағатты ұстаз Закиржан Юлдашұлы адам өмірінің айтулы белесі – 60 жасқа толып отыр.