Мұғалім – мектептің жүрегі, шәкірттің шырағын жағушы жалын иесі. Әр шәкіртін аялап өсіріп, өмір атты шексіз ғаламға қанатын қатайтып, ұшырады. Дәлірек айтсақ, адамды өмір сүре білуге тәрбиелейді. Сол үшін бойындағы асыл қасиеттерін шәкірттеріне сіңіріп, тер төгеді. Бүгінде бар өмірін бала тәрбиесіне, мұғалімдік қызметке арнаған ұстаздар жетерлік. Солардың бірі – Темір ауданы, Кеңкияқ орта мектебінің география пәні мұғалімі Қозбағарова Айғаным Керейқызы.
Ол 1967 жылы 12 қарашада Хромтау ауданы, Кредиковка елді мекенінде дүниеге келген. 1985 жылы Ойсылқара орта мектебін тәмамдап, 1985-1990 жылдары Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының география-биология факультетінде білім алады. Алғашқы еңбек жолын Шалқар ауданында бастаған. 2000 жылдан бері Кеңкияқ ЖОББ мектебінің география пәні мұғалімі болып жұмыс жасап келеді.
Айғаным Керейқызы – білікті ұстаз, жоғары санатты оқытушы. Өз ісіне шын берілген тәжірибелі маман. Педагогика саласындағы елеулі еңбегі үшін аудандық, облыстық деңгейде марапаттарға ие болған. Атап айтар болсақ, «Үздік ашық сабақ -2022» атты халықаралық педагогикалық байқауында жеңіске жетіп, І дәрежелі диплом иегері атанды. 2022 жылы «Мұғалім мерейі » республикалық педагогикалық журналының ұйымдастыруымен өткен «Шебер ұстаз» атты авторлық курсқа қатысып және ұстаздардың біліктілігін арттыру жолында еңбек еткендігі үшін алғыс хатпен марапатталды. Өткен жылы «DAMU project» ұстаздарды дамыту жобасының ұйымдастыруымен өткен «PROGREESS» семинарында алғыс хатқа ие болды.
2022 жылы республикалық «Шығармашыл ұстаз » ұстаздар сайысында 1 орын алды. Одан бөлек түрлі шараларға ,облыстық байқауларға қатысып, аудан намысын қорғады.
Әрине, ұстаз- жүгі ауыр. Ұстаздарымыздың әсерлі үнімен, асықпай мәнерлеп сөйлеген сөзінен әрбір оқушыға деген қамқорлықтың аналық сезімнің, дана ойдың ыстық лебі есіп тұрады. Адамның жан дүниесін түсініп, ренжітпей қателігін сездіре білу –бұл нағыз шеберлік емес пе? Айғаным апай –дәл осындай жан. Оның сөзі маржан, мінезі жұмсақ, сабырлы, байсалды.
«Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да ұстаз өсі¬реді. Өмірге ұрпақ берген ана¬ларды қалай ардақтасақ, сол ұр¬пақты тәрбиелейтін ұстаздар¬ды да солай ардақтауға міндеттіміз”, -дейді халық батыры Бауыржан Момыш¬ұлы. Өз ісінің хас шебері, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын білікті маман, шәкіртінің жанына нұр құя білген ұлағатты ұстаз Айғаным апайдың жөні де, жолы да бөлек.