«Астана су арнасы» үздіктер қатарында

Ағымдағы жылдың 27 қаңтарында ҚР Кәсіподақтар федерациясы өткізген «Жаңа қоғамдық келісім: әділетті еңбек қатынастары» атты әлеуметтік әріптестердің Форумында ҚР Кәсіподақтар федерациясының «Үздік әлеуметтік әріптес» және «Үздік ұжымдық шарт» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды.

Байқау кәсіпорындар мен ұйымдар деңгейінде әлеуметтік әріптестікті дамыту және жетілдіру, пәрменді ұжымдық шарттарды қабылдау, лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз етуде жұмыс берушілердің қызығушылығы мен әлеуметтік жауапкершілігін арттыру, еңбек заңнамасының нормалары мен кепілдіктерін сақтау мақсатында өткізілді.

Форумда әлеуметтік әріптестікті дамыту және кәсіподақ қозғалысын қолдау саласындағы ерекше, үздік еңбегі үшін «Астана Су арнасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бас директоры Табиғат Зейнулқабден «Үздік әлеуметтік әріптес» медалімен марапатталды.

Ал, қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау, кәсіподақ қызметі, жастар саясаты саласындағы ерекше жетістіктері үшін аталған кәсіпорында бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы болған, кәсіподақ ардагері Мұрат Темірболатовқа Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының «Еңбек озаты» медалі табыс етілді.

Қазіргі уақытта «Астана Су арнасы» кәсіпорнында жұмыс істейтін екі мыңға жуық адамның барлығы кәсіподақ мүшелері.

Жұмыс беруші мен қызметкерлердің мүдделерін үйлестіретін кәсіпорынның ұжымдық шарты – ұжымның еңбек, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін шешуде және жұмысшылардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауда елордамыздағы ең үздік ұжымдық шарт болып табылады.

Кәсіпорын басшылығы ұжымдық шартта қабылданған міндеттемелерді орындау кезінде өндірісті тиімді басқара отырып, қызметкерлердің барынша әлеуметтік және материалдық әл-ауқатын қамтамасыз етеді.