Шымкентте үшжақты комиссия отырысы өтті

Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығының мәжіліс залында Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеевтің төрағалығымен әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу бойынша Үш жақты комиссияның осы жылдың алғашқы отырысы өтті.

Отырыстың күн тәртібінде бес мәселе қаралды. Тарқатып айтсақ, алқалы жиында еңбек ақы қорынан жүргізілетін әлеуметтік аударымдарды жүргізгенде жүйелі кемшіліктер жіберетін кәсіпорындарды талдау барысы, одан өзге жалақы қарыздарын өтеу жұмыстары туралы, Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 26 желтоқсандағы №229 Жарлығына сәйкес 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 2023 жылғы 1 қаңтарға дейін шағын кәсіпкерлік субъектілерінің іс-әрекеттеріне туындаған арыз-шағымдар жайлы, Шымкент қаласының Білім басқармасы Балалар үйлерінің Қиын өмірлік жағдайдағы балалар мен жасөспірімдерді қолдау орталықтары болып қайта құруда жұмыскерлердің штат бірліктерінің қажеттілігін толық зерделеп, қосымша штат тапшылығы анықталған жағдайда кемшіліктерді болдырмауға бағытталған жұмыстар және еңбек қауіпсіздігінің жағдайы және «Мұнай Құрылыс Сервис» ЖШС-де, «Continental Logistics Shymkent» ЖШС-де, «Мастер-А» ЖШС-де және «Корпорация Сити-Строй» ЖШС-де өліммен аяқталған өндірістік жазатайым оқиғалары бойынша мәселелер қозғалып, оларды шешу жолдары талқыға салынды.

Отырысқа Шымкент қаласындағы Қазақстан Республикасы жұмыс берушілер Конфедерациясының өкілі Альберт Толщин және кәсіподақ төрағалары мен қызметкерлері, мемлекеттік басқарма басшылары мен медиаторлар қатысты.

Жиынды ашқан «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев бүгінде әлеуметтік шиеленісті тудыратын, әлеуметтік төлемдер мен жалақы қарыздары, еңбек заңнамасының бұзылуы сияқты сұрақтар күн тәртібінен түспейтінін алға тартып, әлеуметтік әріптестер белсенді жұмыс жүргізуі қажет екенін атап өтті.

Күн тәртібіндегі қаралған еңбек ақы қорынан жүргізілетін әлеуметтік аударымдарды жүргізгенде жүйелі кемшіліктер жіберетін кәсіпорындарды талдау және жалақы қарыздарын өтеу жұмыстары туралы мәселелер бойынша сөз кезегі Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжановқа берілді. Оның айтуынша, Шымкентте 2022 жылы 76 кәсіпорындағы 1 430 жұмыскердің 240,3 млн. теңге көлемінде жалақы қарыздары төленген.

Үшжақты комиссия аясында әр түрлі сала басшылары қала аумағында әлеуметтік шиеленістің, еңбек жанжалдарының алдын алу, жалақы қарыздарын болдырмау, сондай-ақ, өндірістердегі жарақаттану деңгейін төмендету бағытында ауқымды жұмыстары жайлы баяндап өтті.

2022 жылы қала аумағында еңбек жағдайында 32 жазатайым оқиға орын алған. Нәтижесінде 47 адам зардап шегіп, 9 адам қайтыс болды. Оқиғаның мән жайын анықтау мақсатында тергеп, тексеру материалдары тиісті шешімдер қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жолданған.

Алқалы жиынның төрағасы Бауыржан Әлтеев жиынды қорытындылай келе, отырыста еңбек қатынастарына қатысты бірқатар маңызды мәселелер қаралғанын айтып, бірінші кезекте кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігінің сақталуы және еңбекті қорғау шараларының тиімділігін арттыру қажеттігіне тоқталды. Сондай-ақ, еңбек құқықтарын қамтамасыз ету бойынша арыз-шағымдарды алдын-алу және еңбек адамының мүддесін қорғау мақсатында әрбір мекемеде кәсіподақ құру керектігін алға тартты. Сонымен қатар, Үшжақты комиссияның кезекті отырысын Комиссия төрағасының қатысуымен электрондық форматта өткізуді ұсынды.