АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Кәсіподақтар федерациясы еңбек заңнамасына айлықты индекстеп отыруды міндетті етуді ұсынып отыр. Бұл туралы ұйымның төрағасы Сатыбалды Дәулеталин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Сонымен бірге Кәсіподақтар федерациясы еңбекақы төлеу мәселесін реттеу бағытында еңбек заңнамасында жалақыны міндетті индекстеу туралы нормаларды бекіту, жалақы мөлшерінің негізсіз диспропорциясын жою, салалар бойныша еңбекақыны арттыру коэффициенттерін белгілейтін әдістемені әзірлеуге мемлекеттің қатысуы және еңбекақы кешіккен жағдайда жұмысшылардың өндірісті тоқтата тұру құқығын белгілеу шараларын ұсынады», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Бұған дейін ол Еңбек кодексіндегі еңбекақыны белгілеу тәртібіне өзгеріс енгізуді ұсынған болатын.
«Біз Үкіметке де бірқатар ұсыныстар бердік. Мысалы, жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы кірісті бөлудің әділетсіз жүйесін түзету қажет. Бұл қызметкерлерді іс жүзінде қаржылық тәуелділікке әкеледі. Оның салдарынан құқықтық енжарлық пайда болады. Сондықтан жалақы жүйесін түбегейлі өзгерту керек. Өкінішке қарай, қазір еңбекақы төлеу жүйесін жұмыс беруші белгілейді. Біз Еңбек кодексіне еңбекақы төлеу жүйесі ең әуелі жұмысшылар өкілінің мақұлдауы арқылы белгіленуі тиіс деген бағытта өзгерістер енгізуді талап етіп, ұсынып отырмыз»,-дейді Сатыбалды Дәулеталин.