7-su.kz: “ЖЕТІСУЛЫҚТАРҒА ТИІМДІ БАСТАМА”

Биыл ҚР Кәсіподақтар федерациясы Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесіне (ОАЕКК) төрағалық ете бастады. Бұл 2021 жылдан бері Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстан ұлттық кәсіподақ орталықтары бірлесіп, жүзеге асырған бірегей интеграциялық құрылым.

Кеңестің мақсаты – еңбеккерлердің әлеуметтік-еңбек, кәсіптік, экономикалық және өзге де заңды құқығы мен мүддесін, сондай-ақ, кәсіподақтардың құқығы мен кепілдігін қорғау бойынша Орталық Азия елдерінің іс-әрекетін біріктіру. Кеңес құрылғаннан бері мүше елдердегі әлеуметтік және еңбек қатынастарын жетілдірудің ортақ тәсілдерін әзірлеуде ұлттық кәсіподақ орталықтарын одан әрі біріктіруге, мәдени, спорттық және сауықтыру саласындағы ынтымақтастықты дамытуға, құрылымның аумағын кеңейтуге бағытталған бірқатар жұмыс атқарды.
Өткен жылы Астана, Алматы, Душанбе қалаларында конференция және Ташкентте ОАЕКК елдерінің ұлттық кәсіподақ орталықтары кәсіподақ командаларының шағын футболдан бірінші кубогы өтті. Ташкентте өткен Орталық Азия елдері кәсіподақтарының кеңес мүшелері қатысушы елдердің ұлттық кәсіподақ орталықтары көшбасшыларының ІІ отырысында ұйымның құрамына Қырғызстан және Моңғолия кәсіподақтар конфедерациясын енгізу туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ, кеңес мүшелерінің бірауыздан қабылданған шешімімен қазақстандық кәсіподақтардың көшбасшысы, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин ұйымның бас хатшысы болып сайланды.
Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесін құру Орталық Азия аймағындағы 15 миллионнан астам жұмыскердің лайықты еңбек стандарттары мен оған әділ еңбекақы төлеуге ықпал етеді. Еңбек көші-қоны мәселесін, қауіпсіздік пен еңбекті қорғауды қамтамасыз етудің жалпы мәселесін шешудегі ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, биыл осы бағытта бірқатар тыңғылықты жұмыс атқарылмақ.
Сол қатарда халықаралық еңбек ұйымы мен халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы ынтымақтастығын одан әрі нығайту,  жыл сайын Орталық Азия елдерінің өңірлік кәсіподақ форумын өткізу, Орталық Азиядағы жұмысшы жастардың мәселесін қарастыратын бірінші Жастар форумын өткізу, сондай-ақ, биылғы жылы Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясы жанындағы Кәсіподақтың Еңбек академиясының базасында бірыңғай білім беру хабын одан әрі дамыту көзделуде. Сонымен қатар, ОАЕКК бас хатшысы кәсіподақ мүшелерін Кеңеске мүше елдер арасында бірыңғай денсаулық және туризм картасын әзірлеуді ұсынды. Бұл туризмді дамытудың мүмкіншілігі Жетісу облысы үшін де өте маңызды бастама саналады.

https://7-su.kz/news/cat-1/16122/