Шымкент қаласында «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағының Шымкент филиалының төрағасы Ерғозы Батырбеков 2022 жылғы жұмыс нәтижелері туралы есеп берді. Жылдық есептік жиынға жергілікті филиалдың басшылары мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты.
Отырыста әлеуметтік әріптестік жылы аясында атқарылған жұмыстар қорытындыланып, қатысушыларға жылдық есеп берілді. Сонымен қатар, басқосуда 2023 жылы 22 ақпан күні Астана қаласында «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы Республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өтетін ІІ съездің делегаттары анықталды. Ашық дауыс беру нәтижесінде Шымкент қаласынан съезге қатысатын 10 делегат іріктелді.
Жиында сөз алған Ерғозы Батырбеков бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағаларына бірлесе атқарған жұмыстары үшін алғысын білдіріп, филиалдың жылдық қорытынды жұмысының нәтижесімен таныстырып өтті.
«2022 жыл қорытындысы бойынша, «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы Республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент филиалының құрамына 27 бастауыш кәсіподақ ұйымы кіреді. Олардың қатарына 2022 жылдың қыркүйегінде «Біркөлік» ЖШС-гі қосылды. Бүгінде филиал мүшелерінің саны 9720 адамды құрайды. Былтыр бастауыш кәсіподақ ұйымдары тарапынан ұсынылған 137 кәсіподақ мүшесіне санаториялық курорттық емделуге жолдама берілді. «Балаларды қорғау күніне» орай кәсіподақ мүшелеріне 1 жарым млн.теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетілді. Одан өзге, Қостанай облысы бойынша төтенше жағдайларға қайырымдылық, Кәсіподақ күніне арналған футбол турниріне қайырымдылық қаржылай және материалдық көмек көрсетілді. Мемлекеттік және кәсіптік мереке күндері кәсіподақ мүшелерінің еңбектері еленіп, 4 млн. тенгеге жуық қаражатқа қаржылай сыйлықтар мен сертификаттар табысталды. Кәсіподақ қай уақытта да еңбек адамымен бірге. Сондықтан, кәсіподақ мүшелерінің құқығын қорғаудағы, еңбек заңдылықтарының орындалуын бақылаудағы жұмысымызды жандандыра беремекпіз», – деді филиал төрағасы Ерғозы Батырбеков.
Жиын соңында Шымкент қаласының кәсіподақтар орталығы еңбек қатынастарына байланысты өзекті мәселерді шешуге, құқықтық көмек көрсетуге және ақпараттық жағынан қамтамасыз етуге қай уақытта болмасын қолдау көрсететінін жеткізді.