Қызылордалық кәсіподақтар «Қауіпсіз еңбек» жылындағы жұмыстарды нақтылады

Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі Үйлестіру кеңесінің отырысында Кәсіподақтар Федерациясымен жарияланған Қауіпсіз еңбек жылы шеңберінде атқарылатын жұмыстар барысы талқыланды.


Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мақсұт Нәлібаев 27 қаңтар күні Астана қаласында өткен Кәсіподақтар федерациясының Бас кеңесі отырысында қаралған мәселелерді таныстырып, «Жаңа қоғамдық келісім: әділетті еңбек қатынастары» әлеуметтік әріптестердің форумы туралы ақпаратпен бөлісті. Бірлестік төрағасы ауқымды шаралардың маңыздылығына тоқталып, Кәсіподақтар федерациясымен айқындалған алдағы жұмыс бағыттары мен міндеттемелерді тізбектеді.

Кеңес отырысында Қызылорда облысы кәсіподақтарымен 2022 жылы атқарылған жұмыстар қорытындысы мен 2023 жылға арналған аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің жұмыс жоспары туралы бірлестіктің бас маманы Майра Боранбаева баяндады.

Сонымен қатар, Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің Үйлестіру кеңесі құрамындағы «Ақпарат, коммуникация және байланыс қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» Қызылорда облысы бойынша филиалының жаңа төрағасы Айгүл Аблаева кеңес құрамына қабылданды.

Үйлестіру кеңесі мүшелері күн тәртібіндегі мәселелер бойынша өз пікірлерін ортаға салып, ұсыныстар білдірді.