Павлодарлық кәсіподақтар көшпелі консультациялар өткізді

Павлодар облысының аумақтық кәсіподақтар бірлестігі «Павлодар облысының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік, құрылыс кешені және қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» ҚБ-мен бірлесіп, «Д.Махмудов атындағы «Павлодар қаласының трамвай басқармасы» АҚ келісім комиссиясының мүшелері мен еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлармен кездесіп, көшпелі оқу семинарын өткізді.

Спикерлер – Павлодар қалалық сотының судьясы В.Шевченко «Азаматтық сот ісін жүргізудегі еңбек дауларын шешу практикасы, азаматтық іс жүргізу және еңбек заңнамасының новеллалары» тақырыбында, Павлодар облысы Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің татуластыру орталығының басшысы М.Иванова «Кәсіпорындағы келісім комиссиясының жұмысын құқықтық реттеу», «Татуластыру рәсімдерін қолдану және еңбек дауларын шешу кезінде консенсусқа қол жеткізу» тақырыбында, еңбек құқығы бойынша сарапшы М.Қабжамитов «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі еңбек заңнамасының өзекті мәселелері. Өндіріске байланысты жазатайым оқиғаларды тергеу тәртібі» тақырыбында сөз сөйледі.


Кездесуге қатысушылар барлық туындаған сұрақтарға кездесу барысында да, оны аяқтағаннан кейін де жеке консультациялар түрінде кеңес алды.

Павлодар облысының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік, құрылыс кешені және қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрайымы Н.Каримова және «Д.Махмудов атындағы «Павлодар қаласының трамвай басқармасы» АҚ бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы А.Джаналиева спикерлерге түсіндірмелер мен консультациялар бергені үшін алғыс айтып, оқытудың пайдалылығы мен нәтижелілігін атап өтті.

«Қызметкерлерге ақпараттық-консультациялық қолдау көрсетумен көшпелі кездесулер өзара іс-қимылдың ең қажетті нысаны болып табылады, өйткені біз үшін тікелей жұмыс орнында құқықтық кеңес алу ыңғайлы және уақтылы», – деп атап өтті кездесуге қатысушылар.