Өз ісінің майталманы

Бейсеков Оразбек Сейілханұлы 1963 жылы Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Ақши кеңшарында туған. 1981 жылы осы ауылда жүргізуші болып еңбек жолын бастады. Кейін Отан алдындағы борышын өтеп келген соң жұмысын жалғастырды.

Ол 1997 жылы елордаға қоныс аударып, қаланың санитарлық жағдайын қамтамасыз ету қызметін көрсететін «Астана қалалық коммуналдық шаруашылық» акционерлік қоғамына жүргізуші болып орналасады.

Соңғы он бес жылдан бері атауы «Астана тазалық» ЖШС болып өзгерген осы кәсіпорында ППУА1600 маркалы жылжымалы автокөлік шеберханасында жөндеу слесарін қоса алып жүргізуші болып келеді.

«Астана Тазалық» ЖШС қысы-жазы Астана қаласы қарамағындағы барлық аудандарды тазалаумен айналысады. Қазіргі уақытта кәсіпорынның 500-ге жуық техника бірлігі бар. Тазалаушы көліктерге тәулік бойы техникалық қызмет көрсету жұмыстары жүргізіледі.

«Егер көліктер бұзылған жағдайда оператор лезде хабар береді. Жылжымалы автокөлік шеберханасымен сол жерге барып мүмкіндігінше орнында жөндейміз. Күрделі жөндеу қажет болса базаға сүйреп алып келеміз. Дөңгелек жарылып қалады, моторын жөндеу қажет немесе май жеткізу керек болады. Көлік құралдарының ақауларын анықтаймыз. Қыс мезгілінде жұмыс ауқымы басымырақ. Тіпті қар құрсауында қалған тазалаушы техникаларды сүйреп шығарамыз», – дейді Оразбек Сейілханұлы.

«Астана Тазалық» ЖШС жергілікті кәсіподақ ұйымының төрайымы Бақыт Ешкенқызының айтуынша, Бейсеков Оразбек өз жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарайды. Көлікті мінсіз күйде ұстап келеді. Кәсіби қасиеттері мен тәжірибесі мол ол жастарға ақылын айтып, үйретуден жалықпайды. Әріптестері арасында құрмет пен беделге ие.