baq.kz: “Дәулеталин: Мақсат – лайықты еңбекті қамтамасыз етіп, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау”

Бүгін Бакуде Орталық Халықаралық еңбек ұйымы сарапшылары мен әріптестер – ондаған елдің Ұлттық кәсіподақ орталықтары өкілдерінің қатысуымен Әзербайжан Кәсіподақтары конфедерациясының 30 жылдығына арналған мерейтойлық конференция өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оған Қазақстан атынан Азия елдері кәсіподақтары кеңесінің Бас хатшысы – Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин қатысты.

КФ медиаорталығы хабарлағандай, конференцияға қатысушыларға арнаған сөзінде Сатыбалды Дәулеталин әріптестерін Әзербайжан Кәсіподақтар конфедерациясының құрылған күнімен құттықтап, халықтар арасындағы әріптестік пен достық қарым-қатынасты нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

Әзербайжан біз үшін бауырлас ел, ал Әзербайжан Кәсіподақтар конфедерациясы халықаралық кәсіподақтар қозғалысындағы маңызды әріптесіміз. Тәуелсіздік жылдарында Әзербайжан Кәсіподақтар конфедерациясы адамның лайықты өмірі мен еркін дамуын қамтамасыз ететін жағдай жасауға, халықтың табысын арттыруға өлшеусіз үлес қосты. Қазақ пен әзербайжан халықтары арасындағы қарым-қатынастың тарихы тереңде жатыр. Екі ел тек экономикалық мүдделер ғана емес, негізінен түркі тектес тамырларға негізделген бай мәдени және тарихи байланыстар біріктіреді. Елдеріміз үшін бұл этномәдени туыстық пен рухани жақындықты ерекше атап өтуге мүмкіндік беретін сыртқы және ішкі саясаттың маңызды элементі. Біз дүние жүзі кәсіподақтарының ортақ мақсаты – лайықты еңбекті қамтамасыз ету және жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғауды әрқашан есте сақтай отырып, бірге табысқа жету үшін қоян-қолтық жұмыс істеуге дайынбыз, – деді КФ төрағасы.

Сатыбалды Дәулеталин атап өткендей, «Кәсіподақтар жол айрығында» конференциясының тақырыбы кәсіподақтардың алдында тұрған күрделі міндет – әлемдік экономиканың тез өзгеретін жағдайында еңбекшілерді тиімді қорғаумен байланысты.

Конференцияға қатысушылар әріптестердің – Ұлттық кәсіподақ орталықтарының озық тәжірибесін қабылдауға және ХЕҰ Конвенцияларын одан әрі ратификациялауға, сондай-ақ ХКК Жаңа әлеуметтік келісімнің негізгі басымдықтарын бірлесіп жүзеге асыруға ниетті екенін атап өтті.

Әзербайжанның Ұлттық кәсіподақ орталығы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының тиімді әріптесі, ҚРКФ Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясына мүшелігін қалпына келтіруді толыққанды қолдады.

https://baq.kz/dauletalin-maqsat-layyqty-enbekti-qamtamasyz-etip-zhumyskerlerdin-enbek-quqyqtaryn-qorgau-297160/