Шымкентте «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында еңбек ұжымымен кездесу өтті

«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Жарқынбек Құрманбек пен Шымкент қаласы автомобиль көлігі және жол кәсіпорындарының жергілікті кәсіподағының төрағасы Али Мамедов «MAN ОҢТҮСТІК» ЖШС-нің бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелерімен кездесіп, еңбек ұжымын толғандыратын мәселелерді саралады.


Бүгінде мекемеде 90 қызметкер жұмыс жасайды, барлығы – кәсіподақ мүшесі.

Кездесу барысында Жарқынбек Айдарбекұлы еңбеккерлерге Кәсіподақтар Федерациясының 2023 жыл – «Қауіпсіз еңбек жылы» деп жариялануына байланысты еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігін сақтау, өндірістік жазатайым оқиғалардың, еңбек дауларының алдын-алу, еңбек қатынастарын реттеу және кәсіподақ мүшелеріне құқықтық көмек көрсету жөніндегі мәселелерін тілге тиек етті.

Өз кезегінде сөз алған жергілікті кәсіподақ төрағасы Али Мамедов жиында жұмыскерлер үшін еңбек және әлеуметтік кепілдіктер туралы ережелерді белгілеу тұрғысынан өңірлік салалық келісімдер мен ұжымдық шарттарға мазмұнды талдау жүргізу бойынша өз ой-пікірлерімен бөлісті. Мекемедегі жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында техникалық инспектор Икрам Мамурзаевтың құқықтары мен өкілеттіктері түсіндіріліп, аталған бағыттағы жұмыстар талданып, ұсыныстар мен ақпаратпен бөлісу пысықталды.

Кездесу соңында ұжым еңбеккерлерімен пікір алмасып, қойылған сұрақтарына толыққанды жауаптар берілді.