Шымкентте бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері арасында жарыс өтті

Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Шымкент қалалық ұйымының ұйымдастыруымен балабақшалар арасында «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атты спорттық жарыс өтті.

Спорттық додаға «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Жарқынбек Құрманбек, салалық кәсіподақ төрайымының орынбасары Валентина Ващенко, мектепке дейінгі білім беру ұяларының басшылары мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының мүшелері қатысты.

Жарыстың мақсаты – ұжымды бірлікке, жұмыла білуге, ұйымшылдыққа баулып, қимылды – қозғалыс арқылы денелерін шынықтырып, білімдерін шыңдап, ұлттық ойындар туралы қызығушылықтарын одан әрі шыңдап, салауатты өмір салтын насихаттауға және спортпен шұғылданып тұруға шақыру. Қимыл – қозғалыстарын одан әрі дамытып, спортпен қатар ойлау қабілеттерін дамыту.

Бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында өткен жарысқа өңірдегі мектепке дейінгі білім беру мекемелерінен 150-ге жуық адам қатысып, әділқазылар өзара мықтыны анықтады.


Жарыстың ашылу салтанатында әділқазылар құрамындағы «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға орынбасары Жарқынбек Құрманбек сөз алып, қатысушыларға сәттілік пен шапшаңдық тіледі. Ал салалық кәсіподақ төрайымының орынбасары Валентина Ващенко осындай жарыстар жыл сайын дәстүрге айналып өткізіліп тұратындығын атап өтті.
Жарысты бастамас бұрын кәсіподақ мүшелері спорттық сайысқа арнайы флешмоб ұйымдастырып, өнерлерін ортаға салды. Ұраққа саналы тəрбие беретін ұстаздар қауымы спорттық ойындардан бөлек ұлттық ойындарға да қатысып, жан-жақты интелектуалдық және спорттық қырларынан танытты.

Спартакиаданың қорытындысы бойынша өзінің үздік спорттық нәтижесімен бірінші орынға №11 балабақшасының «Аружан» тобы жайғасты. Ал екінші орынды №65 балабақшасының «Қыран» тобы алса, үздік үштікке №68 бөбекжайдың «Жұлдыздар» тобы жайғасты.

Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер жергілікті кәсіподақ комитетінің атынан мақтау қағаздарымен, кубоктармен, медальдармен, ақшалай және бағалы сыйлықтармен марапатталды.