Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға, білім беру саласына да қатысты оң өзгерістерге белсенді түрде қатысып, келе жатқан қоғамдық күш – кәсіподақ. Кәсіподақ қозғалысына өз үлесін қосып жүрген ұлағатты ұстаз – Ибраева Ғалия Сыздыққызы. Ұстаз Бұқар-жырау ауданы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінің орыс тілі мен орыс әдебиеті пәндерінен сабақ берумен қатар, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы қызметін бірге атқарып келеді. Мектептегі қызметкерлердің барлығы кәсіподақ ұйымының мүшесі. Ғалия Ибраева белсенді түрде кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық мүдделері мен еңбек құқықтарын лайықты қорғауда.
Ұлт ұстазы А.Байтұрсынов айтқандай, «Ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім». Осы дана ойынан шыққан сөз Ғалия Сыздыққызына арналғандай. Оның дәлелі, ұжымында өте сыйлы, шәкірттері үшін орны бөлек, ата-аналар көңілінен шыға білген ұстаз жүрегі зор мейірім мен шапағатқа толы. Ұстаздық жолдың соқпағы өте көп, бірақ қызмет бабында талмай еңбектеніп, сол еңбектің биік шыңдарын бағындырған ұлағатты жан. Арман қуған талантты жас 1976 жылы Қарағанды мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, 1981 жылы оқып бітіреді. 1982 жылы Бұқар жырау ауданыңда, Нұра орта мектебінде ұстаздық жолын бастап, 1984-1999 жылдары Тегісжол орта мектебінде, 1999-2023 жылдары Ы.Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып табысты жұмыс жасап келеді. Осы уақыт аралығында ұлағатты ұстаздың алдынан қаншама дарынды жас білім алып, білім нәрімен сусындады. Мұғалімдік мамандықта 40 жыл кәсіби маманның шәкірттері мен әріптестері үшін өнегелі істері жетерлік.
Алдындағы шәкірттерінің қиялына құс қондырып, шабытына жан бітіріп, білімнің биігіне шығуына жетелеп, төзімділікке баулитын ұстаз үшін бұдан асқан бақытты сезіну мүмкін емес шығар. Өзінің жолын қуып, мұғалім мамандығын таңдаған ізбасарлары қаншама. Ұлағатты ұстаздың шәкірттері бүгінгі таңда егемен еліміздің түкпір-түкпірінде ел игілігіне қызмет етіп жүр.