Әрбір еңбек иесі мейлі дәрігер, ұстаз, егінші, аспаз, қара жұмысшы болсын мақтау мен құрметке лайық жандар. Осы тұрғыда ұстаз еңбегін айналып өту қисынсыз да шығар, бәлкім?! Өйткені, оның еңбегі – өлшеусіз! Өз баласынан өзгенікін жоғары қоятын бір мамандық иесі болса, ол тек ұстаздың ғана қолынан келуі мүмкін. Ұстаздық – қоғамдағы ең құрметті және абыройлы мамандық. Мемлекет те соңғы жылдары осы мамандыққа баса мән беріп, мәртебесін арттыруда. Бүгінде сүйікті мамандығына адал жандар аз емес. Дәл осы тұста ұстаздық қызметін өмірінің мәні деп білетіндердің бірі – Илмара Мукимқызы Сатибалдиева жайлы ой қозғаудың да реті келіп тұрғандай. 30 жылдан астам уақыт ұстаздық жолда келе жатқан ол «Менің басты мақсатым – еліміздің жарқын болашағына баланатын білімді жастарды тәрбиелеу», – деп біледі.
Арман қуып, ұстаздық жолын таңдаған Илмара Мукимқызы 1985 жылы Ташкент мемлекеттік шет тілдер педагогикалық иниститутына оқуға түсіп, аталған оқу орнын 1990 жылы ағылшын тілі пәнінінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдаған ол еңбек жолын Ескі Иқан ауылындағы ВЛКСМ 50 жылдық орта мектебінде ағылшын тілі пәні мұғалімі болып бастаған.
2000 жылы «Ескі Иқан» негізгі орта мектебіне ауысып, аталған білім ордасында 2012 жылға дейін еңбек еткен. 2012 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Ескі Иқан ауылындағы №25 жалпы орта мектебінде жұмысын жалғастыруда.
Жаңашылдық пен ізденіске құштар өз пәнінің білгір маманы қай кезде де уақыт талабына сай жас ұрпаққа сапалы білім беруден жалыққан емес. Ұжым ортасында беделді, адамгершілігі мол, мінезі ашық, адамгершілік, сыйластық ұғымдарын бірінші орынға қоятын, кішіпейіл, қарапайым, шыншыл, бір сөзді, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары кадр, баршамен тіл табыса алатын, сабырлы , қайсар азамат. Осы қасиеттерінің арқасында мектеп ұжымы, оқушылар мен ата-аналардың ыстық ықыласына бөленген. Өз ісінің білгірі ретінде қажырлы еңбегі бағаланып бірнеше рет облыстық, аудандық білім бөлімінің Алғыс хаттарымен марапатталған.
Бүгінде өмірлік жары Фазлитдинмен бірге бағып-қағып өсірген ұл-қыздары да бөлек-бөлек бір-бір шаңырақтың иелері. Олардан үш немере сүйіп отырған бақытты ана, асыл әже.