2023 жылғы 13-14 ақпанда Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Айгүл Мұқашева Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен болды.
13 ақпанда «Мұғалімдер үйі» базасында кәсіподақ активімен кездесу өткізілді. Қатысушыларға Шығыс Қазақстан облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Назгүл Касенова құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларды – мемлекеттік мекемелердің, қоғамдық бірлестіктердің, білім беру ұйымдарының басшыларын, кәсіподақ ұйымдарының төрағаларын таныстырып өтті.
Айгүл Мұқашева қатысушыларды Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының 2022 жылғы қызметінің қорытындыларымен, алдағы жұмыстағы негізгі міндеттермен таныстырды.
«Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы» ММ басшысы Инесса Чернышева облыстың білім беру ұйымдары үшін кәсіподақ пен әлеуметтік әріптестердің өзара іс-қимылының тиімділігін атап өтті.
«Шығыс Қазақстан облысының кәсіподақ орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Темірбек Қасымжанов әлеуметтік әріптестік туралы облыстық келісімнің қосымша кепілдіктері туралы айтып берді.
Ұлан ауданы әкімінің орынбасары Қуат Оқасов ауданның білім беру саласындағы мәселелерін атап өтіп, оларды шешу үшін салалық кәсіподақтың қатысуымен нақты шаралар белгілеу жөнінде ұсыныстар енгізді.
Кездесуге Қазақстандық салалық кәсіподақтың құқықтық мәселелер жөніндегі маманы Айдарбек Бектабанов, «ШҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы» ММ бөлім басшысы Ғалия Тоқтасынова, білім беру қызметкерлері кәсіподағының Зайсан аудандық ұйымының төрағасы К. Сайранов және т.б. қатысты.
Кездесу барысында білім беру қызметкерлерінің өзекті мәселелері көтерілді. Айгүл Мұқашева жергілікті кәсіподақ комитетінің мүшелері мен әлеуметтік серіктестер қойған сұрақтарға жауап берді.
Актив соңында әлеуметтік серіктестер мен кәсіподақ активін марапаттау рәсімі өтті.