Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ болары анық. Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған, сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді.
«Еңбек адамы» айдарының бүгінгі күнгі шығарылымының кейіпкері – ұстаз, алғашқы әскері дайындық пәнінің мұғалімі Султанов Вахиджан Сабиржанұлы. Бүгінде Вахиджан Сабиржанұлы отбасында 2 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отырған, отбасының тіреуі – бақытты әке.
Ол 1982 жылы 5 қарашада Оңтүстік Қазақстан облысы, Кентау қаласы, Қарнақ ауылында дүниеге келген. 2000 жылы «Қарнақ» жалпы орта мектебін тәмәмдап, ары қарай білімін шыңдау мақсатында осы жылы Халықаралық Қазақ – Түрік университетіне оқуға түсіп, 2004 жылы аталған оқу орнын ойдағыдай бітіріп шығады. 2005 – 2006 жылдар аралығында Отан алдындағы парызын өтеу мақсатында әскер қатарында өз борышын атқарады.
Ұстаздық еңбек жолын 2008 жылы өзі білім алған «Қарнақ» жалпы орта мектебіне алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі болып жұмысқа қабылданып, бүгінгі күнге дейін білім беру саласында еңбек етіп келеді. 2016 жылдан бастап мектепте бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы міндетін атқарады.
Вахиджан Сабиржанұлы – ешқашан мойымайтын, ойына алғанын іске асыратын нағыз еңбек адамы. Бастауыш кәсіподақ ұйымында да белсенді. Әріптестерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайларының жақсаруына, құқығының қорғалуына әркез көмек беріп, қолдау көрсетеді.
Сырттай қарапайым болғанымен, Вахиджан Сабиржанұлының еңбек жолында жеткен жетістіктеріде аз емес. 2018 жылы «Үздік алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі» Алғыс хатымен, облыстық және қалалық құрмет грамоталарымен, 2014 жылы «За заслуги в патриотическом воспитании молодежи» және 2021 жылы « Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төс белгілерімен марапатталған.
Шынайы ұстаздың шәкірттері де әр жыл сайын аудандық, облыстық, республикалық жарыстарда көзге түсіп, жүлдегерлер қатарынан көрініп келеді. Атап айтсақ, 2017 – 2019 оқу жылдарында облыстық «Айбын», «Жас Бүркіт» «Алау» әскери патриоттық сайыстарында жүлделі орындарға иеленді. 2019 жылы Щучинск қаласында өткен Реапубликалық «SportFEST Kazakhstan» мектеп спартакиадасында жүлделі ІІІ орын иеленді.
Жас та болса жоғары белестерден көрініп жүрген ұстазымызға алдағы уақытта жұмыстарына шығармашылық табыстар тілей отырып, әлі де қаншама дарынды балалар тәрбиелеп, мектептің сапасын ең жоғары дәрежеге көтеретініне сеніммен айта аламыз. Себебі ұстаз жаны өте көркем, жүзі жылы және жүрегі мейірімге толы, ал еңбегі ерен.