Кәсіподақ жас мамандарға арналған байқауға қолдау көрсетті

Ақтөбе облысы Шалқар ауданында «Жаңа мектепке – жаңашыл ұстаз» атты жас педагогтердің VI Республикалық байқауының аудандық кезеңі өтті.


Жас ұстаздардың әлеуметтік мәртебесін және шығармашылық қабілетін арттыру, инновациялық белсенділіктерін дамыту, кәсіби шеберліктерін жетілдіруге бағытталған байқауға 1-3 жыл еңбек өтілі бар және 5-7 сыныптарға сабақ беретін 11 мұғалім қатысты. Жас мамандар 3 кезең бойынша бақ сынасты. 1-кезеңде қатысушылар «Жаңа мектепке- жаңашыл ұстаз» тақырыбында эссе жазды. 2-кезең «Шығармашылық жолдың бастамасы» тақырыбында өзін-өзі таныстыру болды. 3-кезеңде ұстаздар бейтаныс сыныпта ашық сабақ өткізді.

Осы сынақтардан сүрінбей өтіп, жоғары нәтиже көрсете білген Ә.Жангелдин атындағы орта мектебінің математика пәні мұғалімі Арыстанбек Ересетұлы І орын иеленді. ІІ орынға №5 мектеп-лицейінің орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Мақсат Талмағанбетұлы және № 3 орта мектебінің математика пәні мұғалімі Медет Аманғалиұлы лайық деп танылды. № 8 орта мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімі Мадина Медетқызы, № 6 орта мектебінің математика пәнінің мұғалімі Райкүл Әбимоллақызы 3-орынмен марапатталды.

Сонымен қатар, «Ізденімпаз жас маман», «Заманауи жас маман», «Жаңашыл жас маман» номинацияларының иегерлері анықталды.

Жеңімпаздар аудандық білім бөлімі мен білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының бірлескен дипломымен марапатталды. Қатысушыларға аудандық кәсіподақ ұйымы тарапынан бағалы сыйлықтар табысталды.