Әлеуметтік-еңбек қатынастарын жетілдіруге арналған семинар-тренинг өтті

Жамбыл облысында Қазақстандық мұнай-газ кешенінің салалық кәсіптік одағының кәсіподақ белсенділері мен мүшелеріне Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауы аясында “Кәсіподақ қызметін жаңғырту және әлеуметтік-еңбек қатынастарын жетілдіру”  тақырыбында семинар-тренинг өтті.


Бұл семинар-тренингке еліміздің оңтүстік өңірлері Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстары мен Алматы, Шымкент қалаларындағы мұнай-газ саласының белсенді кәсіподақ төрағалары мен қызметкерлері қатысты.

Семинардың жұмысын бастаған Қазақстандық мұнай-газ кешенінің салалық кәсіптік одағының төрағасы Сұлтан Қалиев Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесіне төрағалық ету жайлы мәселесіне, ҚР Кәсіподақтар федерациясы биылғы жылды Қауіпсіз еңбек жылы деп жариялағаны жайында тоқталып, осындай семинарлардың маңыздылығын айтты.

Өз кезегінде Жамбыл облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Бағлан Қарашолақов семинар қатысушыларына бүгінде кәсіподақ мүшелерінің қатарын көбейту, бастауыш кәсіподақ ұйымдарын құрудың маңыздылығын атап айтты. Сонымен қатар, үстіміздегі жылы елімізде болып жатқан саяси науқан – сайлауға қатысты Қазақстан кәсіподақтарының ұстанып отырған басты бағыттарын жан-жақты айтып берді.

Семинардың арнайы лекторы – ҚР Кәсіподақтар федерациясының үйымдастыру және бақылау жұмысы департаменті директорының орынбасары, еңбек қатынастарының сарапшысы Ләззат Есжанова кәсіподақ қызметінің құқықтық негіздері, кәсіподақ қозғалысының тартымдылығы, әлеуметтік әріптестік, ұжымдық шартты әзірлеу, келіссөздер процесі, кәсіподақ комитеттерінің ұйымдастыру жұмыстары тақырыптары бойынша қатысушыларға берері мол, мағыналы дәріс оқыды.

Семнинар қатысушылары Ляззат Айдарханқызына айтылған тақырыптар бойынша түрлі сұрақтарын қойып, қызу пікір алмасты. Семинар соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.