ҚР Кәсіподақтар федерациясы Қарағанды облыстық кәсіподақтар орталығымен бірлесіп ұйымдастырған «Әйелдер – еңбек саласында» атты республикалық дөңгелек үстел алаңында еліміздің әр саласы мен өңірлерінен келген 80-нен астам түрлі кәсіп өкілдері, нәзік жандылар бас қосты. Кездесу барысында гендерлік теңдік, әйелдердің көшбасшылық қасиеті мен кәсібилігі және қауіпсіз еңбек деңгейін арттыру мәселелерін талқыланды.
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнін мерекелеуге орай ұйымдастырылған шараға Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Еңбекші әйелдер істері жөніндегі комиссиясының мүшелері, Республикалық әйелдер кеңесінің, Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссияның өкілдері, сондай-ақ, ҚРКФ бастауыш кәсіподақ ұйымдарының мүшелері қатысты.
Басты назарда – еңбекші әйелдер, олардың еңбек құқықтары және әйелдердің мәртебесі мен мүмкіндіктерін жақсарту мәселелері.
Жиынды ашқан Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары – Еңбекші әйелдер істері жөніндегі республикалық комиссияның төрайымы Гүлнара Жұмагелдиева Федерацияның гендерлік саясатының басты мақсаты – еңбекші әйелдердің жағдайын, олардың құқықтары мен мансаптық өсу, кәсіби дайындық мүмкіндіктерін нығайту, сондай-ақ, отбасы мен жұмыс арасындағы үйлесімді тепе-теңдікті сақтау екенін атап өтті.
Оның айтуынша, жетекші кәсіподақ органдарында әйелдердің өкілдігі артып, халықаралық кәсіподақ қозғалысында әйелдердің ықпалы нығайып келеді.
Бүгінде ҚРКФ 2 миллионға жуық мүшесінің 65 пайызы – әйелдер. 18 мыңнан астам бастауыш кәсіподақ ұйымының 67 пайызын әйелдер басқарады.
Федерациядағы әйелдердің үлесі 55%-ды құрайды, оның 67% бастауыш кәсіподақ ұйымдарын, 28% салалық кәсіподақ ұйымдарын, 44% аумақтық кәсіподақ бірлестіктерін басқарады. Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының басшылық лауазымдарында әйелдердің үлесі 40%, алқалы органдарда: Бас кеңесте – 28,8%; Атқару комитетінде – 45%.
Кәсіподақтар федерациясы өкілдерінің тікелей қатысуымен ХЕҰ-ның №183 «Ананы қорғау туралы», №156 «Отбасылық міндеттермен еңбек ететін еңбекші ерлер мен әйелдерге арналған тең қарау және тең мүмкіндіктер туралы» №26 «Ең төменгі жалақыны белгілеу тәртібін белгілеу туралы», №95 «Еңбекақыны қорғау туралы» конвенциялары ратификацияланды.
ҚРКФ 26-шы съезінде қабылданған Кәсіподақтар федерациясының 2020-2025 жылдарға арналған «Әділеттілік пен дамуға – бірлікте» Стратегиясында теңгерімді гендерлік саясат жүргізу, заңнаманы жетілдіру үдерісіне белсенді қатысу және осы саладағы халықаралық стандарттарды енгізу міндеттері алға қойылған.
2021 жылы Кәсіподақтар федерациясының Бас кеңесі гендерлік теңдік институттарын қалыптастыру және әйелдер құқықтарын қорғаудың құқықтық тетіктерін жүзеге асыру жөніндегі шаралар кешені болып табылатын Гендерлік саясат тұжырымдамасын қабылдады.
Әлеуметтік әріптестік аясында ерлер мен әйелдер арасындағы жалақы айырмашылығы, әйелдердің құқықтары мен еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың кәсіби өсуін қолдау, зейнеткерлік жасты қысқарту және гендерлік теңдіктің халықаралық стандарттарын енгізу мәселелері шешілуде.
Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко өзінің құттықтау сөзінде еңбекші әйелдердің өзін-өзі тану және белсенділігі мәселелерінің өзектілігін атап өтті.
Оның айтуынша, елімізде кемсітушілікке жол бермеу, әйелдердің еңбек саласындағы мүмкіндіктерін кеңейту, оның ішінде, шешім қабылдау деңгейінде әйелдердің өкілдігін арттыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Дегенмен, бүгінде әйелдер арасындағы жұмыссыздық деңгейі ерлерге қарағанда жоғары – 5,7%.
Елена Тарасенко әйелдерді қолдаудың нақты шешімдерін әзірлеу қажеттігін атап өтіп, 2019 жылы тараптар қол қойған Меморандум аясында Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссия мен Кәсіподақтар федерациясының аймақтық деңгейдегі өкілеттіктері арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуді ұсынды.
Республикалық әйелдер кеңесі төрағасының орынбасары Светлана Ферхо Кеңес құрылған кезден бастап – 1991 жылдан бері айналысып келе жатқан ана, бала және жастардың өзекті мәселелеріне тоқталды.
Әйелдер мәселелері туралы айта отырып, ол 3 аспектіден тұратын әйелдер еңбегінің ерекшеліктеріне тоқталды – экономикалық өмірге қатысу, балалардың тууы және үй жұмысы, бұл әйелдердің әлеуметтік және еңбек құқықтарына теңгерімді заңнамалық тәсілдерді әзірлеуді талап етеді.
Оның айтуынша, әйелдердің кәсіптік ауруларын зерттеу өзекті мәселе болып табылады.
Шара барысында Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрайымы Айгүл Мұқашева қатысушылар алдында сөз сөйледі.
Салалық кәсіподақтың 600 мыңнан астам мүшесінің 72 пайызы – әйелдер.
Айгүл Мұқашеваның айтуынша, салада әйелдерді қолдау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді – Салалық, аймақтық келісімдерде, ұжымдық шарттарда әйелдердің еңбегі мен құқықтарын қорғауға бағытталған арнайы ережелер бар. Мәселен, бала мектепке барғанда немесе оны бітірген кезде аналарға жеңілдетілген еңбек демалысын беру, материалдық қолдау, көпбалалы аналарға немесе жалғызбасты аналарға санаториялық-курорттық сауықтыруға жыл сайын жолдамалар беру және т.б.
«Қарағанды индустриалды университеті» КЕАҚ Басқарма төрағасы – ректор, биология ғылымдарының докторы Болатбек Әбдірасылов өз кезегінде әйелдердің қоғам мен мемлекет дамуына қосқан ерекше үлесін атап өтті. Ол кез келген қиындықты жеңуге көмектесіп, үлкен жетістіктерге шабыттандыратын қазақстандық әйелдердің жігеріне, жасампаз еңбегіне ризашылығын білдірді.
Қарағанды облысының еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Ирина Любарская өз сөзінде әйелдердің еңбек саласына қатысуындағы кейбір заңдылықтарға назар аударды.
Мәселен, оның айтуынша, әйелдер басшылық жасайтын облыс кәсіпорындарында жазатайым оқиғалар орын алмаған, ал кәсіподақ жетекшісі әйел кәсіподақ ұйымдарында ұжымдық шарттар әлеуметке бағытталған.
Қарағанды облысының кәсіподақ орталығы жанындағы еңбекші әйелдер ісі жөніндегі облыстық комиссияның жұмысы туралы ақпаратты Қарағанды облысының кәсіподақ орталығы жанындағы еңбекші әйелдер ісі жөніндегі облыстық комиссияның төрағасы, Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері салалық кәсіподағының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Алмагүл Өсерова ұсынды.
Ол аймақтық комиссияның әлеуметтік әріптестіктің барлық тараптарымен белсенді өзара ынтымақтастығын еске салды. Әйелдердің зейнеткерлік жасын 58 жасқа дейін төмендету және әйелдерді әлеуметтік-экономикалық қолдаудың басқа да мәселелері көтерілді.
Алмагүл Өсерова қатысушыларды жалғызбасты аналардың, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған аналардың мәселелеріне назар аударуға және осы санаттағы әйелдерді икемді жұмыс кестесімен қамтамасыз ету мүмкіндігін қарастыруға шақырды.
Айта кетерлігі, Қарағанды облысында Комиссия жұмысына Заң клиникасының филиалы айтарлықтай қолдау көрсетуде, мұнда әйелдер тек еңбек мәселелері бойынша ғана емес, отбасылық мәселелер бойынша да жүгінеді.
Филиал басшысы Светлана Шардарбекова бүгінде Заң клиникасының ұжымында әйелдерге декреттік жәрдемақы алуға, алимент өндіруге, тіпті тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты мәселелерде көмектесетін беделді заңгерлер, медиаторлар, психологтар бар екенін айтты.
Дөңгелек үстел алаңында белсенділер тәжірибе алмасып, жұмыс істейтін әйелдердің лайықты және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және олардың еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі рөлін арттыру бойынша ұсыныстарды талқылады.
Жиын қорытындысы бойынша еңбекші әйелдерді салтанатты марапаттау рәсімі өтті.
«Еңбек ардагері – әйел» номинациясы бойынша бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы, Абай аудандық мәдени-демалыс орталығының әдіскері, «Русалица» славян этномәдени орталығының төрайымы Любовь Константиновна Стрельцова, «ҚарағандыЭнергоЦентр» ЖШС ЖЭО-1 машинисі Малюк Ирина Михайловна үздік деп танылды. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Қарағанды облысы бойынша филиалының жетекші сарапшысы Садақбаева Эльвира Мұратқызы «Көпбалалы ана» номинациясы бойынша марапатталды.
«Еңбек әулетінің өкілі» номинациясы бойынша «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің «Абайская» кенішінің маркшейдері Кокоша Анна Владимировна марапатталды.
«Еңбек қауіпсіздігі – әйелдердің қолында» номинациясы бойынша «Жылутранзит Қарағанды» ЖШС техникалық пайдалану және қауіпсіздік техникасы жетекші инженер-инспекторы Ажигалиева Виктория Михайловна, «Қазақстан Темір жолы» ҰК» АҚ – «Қарағанды магистральдық желі филиалы» филиалының еңбекті қорғау және экология секторының меңгерушісі Шәкенова Әсел Салтанатқызы марапатталды.
«Қарағанды қаласының №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы, директордың орынбасары Бодықова Жанна Қашқымбайқызы және «АрселорМиттал Теміртау» АҚ болат департаменті цех комитетінің төрайымы, копр цехының электр көпірлі крандар машинисі Булацкая Светлана Антоновна «Кәсіподақтық еңбек көшбасшысы» номинациясы бойынша үздік деп танылды.
«Жастар тәлімгері» номинациясы бойынша Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Бүркітті ауылы №20 жалпы орта білім беретін мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Алмагүл Қожабекованың еңбегі атап өтілді.
«Нағыз көшбасшы» номинациясы бойынша «Central Asia Cement» АҚ №2 цемент ұнтақтау цехының басшысы Ирина Александровна Коршек марапатталды.
«Сенімді әлеуметтік әріптес» номинациясы бойынша «Қарағанды облысы денсаулық сақтау басқармасы» ММ-нің басқару және адами ресурстарды дамыту бөлімінің басшысы Майлыгулова Мейрамгүл Мадиярқызының еңбегі атап өтілді.
«Үздік құқық қорғаушы – медиатор» болып Қарағанды облысының кәсіподақтар орталығы жанындағы Заң клиникасы мен татуласу орталығының басшысы Света Мұхамедиевна Шардарбекова танылды.
«Ұжымның жас үміті» номинациясы бойынша Қарқаралы ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының салық төлеушілермен жұмыс бөлімінің маманы Әрін Жанара Әрінқызы марапатталды.
«Кәсіподақ көмектеседі» номинациясы аясында «Қарағанды индустриалды университеті» КЕАҚ жөндеу-құрылыс бригадасының шебері Мажкенова Аяужан Әубәкірқызына кәсіподақ атынан кір жуғыш машина сыйға берілді.
«ҚАЗКӨЛІККӘСІП» салалық кәсіподағының Қарағанды филиалының бас сарапшысы Галина Прохорец ерекше қызметтері үшін ҚРКФ «Кәсіподақ Ардагері» медалімен марапатталды.