Тараз қаласын толықтай ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған “Жамбыл-су” кәсіпорнының жұмысшыларымен кездесу өтті.
Бұл кәсіпорынның негізгі қызметі – жерасты суларын өндіру, қала тұрғындары мен кәсіпорындарын ауыз сумен қамтамасыз ету және сүзу алаңдарына ағынды кәріз суларын қабылдау болып табылады. Қазіргі уақытта кәсіпорында 563 адам жұмыс істейді.
Өндіріс цехында өткен басқосуда Жамбыл облыстық кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Бахтияр Сайлаубекұлы жұмысшыларға биылғы жылды ҚР Кәсіподақтар федерациясының «Қауіпсіз еңбек жылы» деп жариялағанын жеткізді.
Сондай-ақ, қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету және өндірістік жарақаттарды азайту – кәсіподақтар алдындағы негізгі міндеттердің бірі. Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау саласындағы басты қағидалар: жұмыскердің өмірін және денсаулығын сақтау; жұмыскерлердің денсаулығына өндірістік зиянды әрекеттердің әсер етуіне жол бермеу; еңбек шартында жұмыскерлердің құқығын қорғау; жұмыс беруші тарапынан қауіпсіз еңбек жағдайының жасалуы; қауіпсіздік және еңбекті қорғау жағдайы туралы ақпараттың толықтығы және шынайылығының маңыздылығы жайында айтылды.
Осы орайда ҚР Кәсіподақтар федерациясы тарапынан қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету мақсатында биылғы жылы техникалық инспекторлардың мәртебесі мен өкілеттіктерін арттыру мәселесі және басқа да маңызды іс-шаларлар жоспарланған.
Кездесу соңында Бахтияр Сайлаубекұлы жұмысшыларының қойған сұрақтарына жауап берді.