Қызылорда облысы Сырдария ауданында «Қазақтың даналық, ғибратты сөздері» атты білім саласы ардагерлерінің арасында облыстық байқау өтті. Ұлттық өнер мен даналықты дәріптейтін, жастарға ұлттық тәрбие беруді мақсат еткен шараға Қызылорда қаласы, аудандардан саланың шежірелі ардагер-ұстаздары қатысты.
Байқау шарттары бойынша ардагерлер ел аузындағы тәлім-тәрбиесі мол әңгімелерді, даналық сөздерді, би-батырлардың, ғұлама ойшылдар мен шешен-билердің, ақын-жыраулардың, сал-серілердің өсиет сөздері мен термелерін айтты. Ерекше рухани кешке жиналған көрермендер мен әділ қазылар алқасы өз ықыластарын білдіріп, байқау қатыушылары арасында үздіктерді анықтады. Сонымен қатар, байқауда «Үздік бата беру», «Үздік ғибратты сөздер», «Үздік жыр, терме» номинациялары бойынша марапаттар табысталды.