Кәсіподақ ұйымдарында “Қауіпсіз еңбек айлығы” жарияланды

Еңбек қауіпсіздігі мәселесі, өндірістік жарақаттанудың алдын-алу шараларын күшейтуді әрбір бастауыш ұйымдары пысықтауы қажет. Еңбектi қорғау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеу және еңбек қызметi процесiнде еңбек қауіпсiздігін қамтамасыз етуге, жұмыскерлердiң өмiрi мен денсаулығын сақтауға бағытталған негiзгi принциптерiн ілгерілету маңызды.

Аталған мәселе Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің аппараттық жиналысында талқыланды. Талқылауға қатысқан облыстық салалық кәсіподақ төрағалары мен мамандары сала бойынша еңбекті қорғау шараларының барысы туралы ой-пікірлерін ортаға салды.


Бірлестік төрағасы Мақсұт Нәлібаев Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы жариялаған «2023 жыл – Қауіпсіз еңбек жылы» аясында республикалық, өңірлік деңгейде өткізілетін іс-шаралар жоспарымен таныстырып, іс-шаралардың кәсіпорындарда жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің аталған мәселеге үлкен мән беруіндегі маңыздылығын атап өтті.

Қызылорда облысы кәсіподақтарының іс-шаралар жоспарына сәйкес ағымдағы жылдың сәуір айы өңірдегі кәсіподақ ұйымдарында «Қауіпсіз еңбек» айлығы болып жарияланды. Айлық шеңберінде ұйымдарда еңбекті қорғау бойынша түрлі шаралар ұйымдастырылады.