Қасиетті Рамазан айында «Нұрлы жол» вокзал кешенінің бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері Астана қаласы әкімдігінің «Мамандандырылған балалар үйі» мемлекеттік коммуналдық мекемесіне қолдау көрсетті. «Нұрлы жол» вокзал кешені директорының орынбасары Айгүл Уксикбаева мен бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Бейімбет Ұлазбек балалар үйіне барып, басшылықпен және тәрбиеленушілермен кездесіп, тыныс-тіршілігімен танысты.
«Жан-дүниемізді рухани құндылықтармен толтыру үшін, бүлдіршіндердің кішкентай болса да қуанышына себепкер болу мақсатында, балалар үйі мекемесімен келісім орнатып, алдағы уақытта жақсы амалдар жасауға шешім қабылдадық. Осы жолы әртүрлі тағам өнімдерін дұрыс сақтауға арналған асханалық тоңазытқыш алып бердік. Ізгі амалдың сауабы еселеніп жазылатын айда көп балалы отбасыларға қолдау көрсетіп, қариялар мен мүгедек жандардың, алғысына бөленуге үндейміз», – дейді «Нұрлы жол» вокзал кешенінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Бейімбет Ұлазбек.
Мамандандырылған балалар үйі ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балаларды, сондай-ақ туғаннан бастап төрт жасқа дейінгі орталық жүйке жүйесі органикалық зақымданған балаларды тәрбиелеумен, күтіп-бағумен және медициналық көмек көрсетумен айналысады. Аталмыш мекеме директоры Татьяна Цечоева «Нұрлы жол» вокзал кешенінің ұжымына шынайы алғысын білдірді.