Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде профессор Константин Цхайдың 80 жылдық мерейтойына арналған Ғылыми кеңестің кеңейтілген мәжілісі өтті. Оған Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, білім беру ұйымдарының өкілдері, оның ішінде Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Раушан Серікова, жоғары оқу орнының оқытушы-профессорлық құрамы, жас ғалымдар қатысты.
“Өміріңіздің 50 жылдан астам уақытын Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе университетіне арнадыңыз, түрлі жауапты лауазымдарды атқардыңыз, қойылған міндеттерді абыроймен және асқан кәсібилікпен орындадыңыз”, – деп атап өтті шараға қатысушылар.
Мерейтой иесін салалық білім кәсіподағының төрағасы Раушан Серікова құттықтап, емдеу-сауықтыру орталығына жолдама табыс етті.
Өз кезегінде Константин Цхай өзінің жетістіктері мен білімін жас педагогтермен бөлісуге дайын екенін жеткізіп, ризашылығын білдірді.