Қауіпсіздік және еңбекті қорғау – сенімді қолда

Бақытбек Нысанғалиев 2011 жылы М.Тынышбаев атындағы көлік және коммуникация академиясын бітірген соң, еңбек жолын «Қазтеміртранс» АҚ филиалы – Балқаш вагон жөндеу депосының автотежегіш бақылау пунктінде жұмысшы болып бастайды.

Соңғы он жылдан бері «Вагонсервис» АҚ жолаушылар вагондарын жөндеу жөніндегі Ақмола филиалында техникалық инспектор болып еңбек етіп келеді.

«Біздің негізгі жұмысымыз – жолаушылар вагондарының қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету. Жолаушылар вагондарын ағымдық ағытып жөндеу және деполық жөндеу бойынша техникалық қызмет көрсетеміз», – дейді Бақытбек Нысанғалиев.

Сонымен қатар, ол өз жұмысында еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасын сақтау үшін цехтарды аралап, бұзушылықтарды жоюға ұсыныстар жазып қана қоймай, жыл сайын оқу бөлмелерінде электротехникалық персоналдарға «Электр қауіпсіздігі» тақырыбы бойынша оқыту және даярлау сабақтарын өткізеді.

«Қызметкерлерді оқыту жүргізілетін жұмыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етіп қана қоймайды және талаптардың орындалуына кепілдік береді және өндірістік қызметтің нәтижелеріне оң әсер етеді. «Вагонсервис» АҚ және оның еңбек ұжымының 2021-2023 жылдарға арналған ұжымдық шартында техникалық инспектордың белсенді адал жұмысы үшін 3 күнге дейін қосымша демалыс қарастырылған», – деп толықтырды ол.

«Мен теміржолшылар әулетінен шықтым. Бұл саланы таңдауымның себебі: әкем Нысанғалиев Жәнібек Әлиұлының отбасы мұрасын жалғастыруыма деген тілегі. Әкем «Қамқор Локомотив» ЖШС-нің Қызылорда локомотив жөндеу депосы филиалында ұзақ жылдар еңбек етіп, теміржол саласында біршама жетістіктерге жетті. Осылайша теміржол саласының өркендеуіне өз үлесімді қосып келемін. Мен ұйымшыл және тату ұжымның қатарында болғаныма қуанамын», – дейді Бақытбек.