Кәсіподақ көшбасшыларын біріктірген семинар Орал қаласында бастау алды

Орал қаласында «Senim» Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен аумақтық семинар бастау алды. Оған Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарынан бастауыш кәсіподақ жетекшілері қатысуда.

Аталмыш шара ҚР Кәсіподақтар федерациясы жариялаған «2023 жыл – Қауіпсіз еңбек жылы» аясында өткізіліп жатыр.

Семинарды «Senim» Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасы Махамбет Кусаинов ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен қатар, ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гульнара Абдрахманова мен БҚО «Кәсіподақтар орталығының» төрайымы Айгүл Есекенова қатысып, еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуы – ерекше ден қоятын тақырыптардың бірі екенін атап өтіп, шараның маңыздылығына ден қойып, қатысушыларға жылы лебіздерін білдірді.

Семинар жұмысында спикер Марина Иванова кәсіподақ жетекшілерімен бірге ұжымдық шарт жасау, осы шартқа қосылу тәртібі, құқықтық қорытындысы мен қолданылуы, денсаулық сақтау мекемелеріндегі Келісім комиссиясы, оның алгоритмі, қалыптастыру тәртібі мен құрамы, құзыреті және оған жүгіну туралы мәселелерді де жан-жақты талқылады.