Қызылорда қаласындағы білім ордаларының техникалық инспекторлары «Қауіпсіз және жайлы жұмыс орта қалыптастыру – еңбек саласындағы басты қағида» атты семинар-кеңесте бас қосты. Семинар-кеңеске аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Мақсұт Нәлібаев, облыстық білім және ғылым қызметкерлері салалық кәсіподағы төрағасының орынбасары Нұргүл Өтегенова, Қызылорда қалалық білім саласы қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы төрайымы Орынша Алимбетова, облыстық бақылау басқармасының маманы Досхан Бектұрсынов қатысты.
Семинардың ашылуында сөз алған аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Мақсұт Нәлібаев Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясымен белгіленген «Қауіпсіз еңбек жылы» шеңберіндегі шаралардың маңызы мен жұмыс орындарындағы еңбекті қорғау мәселелері бойынша кәсіподақтардың қызметіне тоқталды.
Қызылорда қалалық білім саласы қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы төрайымы Орынша Алимбетова 28 сәуір – Дүниежүзілік еңбекті қорғау күнінің мәні мен мағынасын атап өтіп, қала мектептеріндегі еңбек қауіпсіздігі бойынша құрылған өндірістік кеңестердің жұмысы мен техникалық инспекторлар қызметі туралы мағлұмат берді. Облыстық бақылау басқармасының маманы Досхан Бектұрсынов облыс көлемінде 2022 жылы және ағымдағы жылдың 1-ші тоқсанында орын алған жазатайым оқиғалардың жайы туралы әңгімеледі.
Салада облыстық байқауда «Еңбекті қорғау жөніндегі үздік техникалық инспектор» атанған №15 мектеп-лицейдің еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторы Нұрбек Нұрмаханов жазатайым оқиғалардың алдын-алу шаралары мен оны тергеп-тексеру тәртіптері туралы ақпараттармен бөлісті.
Семинар-кеңеске қатысушылар білім саласы қызметкерлерінің жазатайым оқиғаларға ұшырау жағдайларының талдауын талқылап, еңбек қауіпсіздігін сақтау, жайлы жұмыс ортаны қалыптастыру, жұмысты дұрыс ұйымдастыру мәселелері бойынша мамандарға сұрақтар қойып, пікір алмасты.